Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әзербайжан да, Ресей де, Қазақстан да ақпаратты жасыруға мүдделі емес": Әшімбаев Ақтаудағы ұшақ апаты туралы пікір білдірді

Жарияланған күні:

Мәулен Әшімбаев
Мәулен Әшімбаев. Фото: NUR.KZ / Айгерим Аскарова

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ақтауда болған ұшақ апатына қатысты пікір білдіріп, тергеу барысы туралы маңызды мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта ұшақтың зақымдану сипаты мен апаттың нақты себептері белгісіз. Бұл бағытта арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, оның құрамына Қазақстан, Әзербайжан және Ресейдің тиісті құрылымдары мамандары кіреді.

"Фотосуреттерге қарап, бұл қандай да бір әрекеттердің салдары деген қорытынды шығару – негізсіз әрі этикаға қайшы мәлімдеме. Бұл тек жеке адамдардың хайп пен қаралымдар арқылы өз пайдасын көздейтінін көрсетеді", - деді Әшімбаев ұшақтың не үшін құлағанына қатысты болжамдарға жауап беріп.

Сенат төрағасы апатқа ұшыраған ұшақтың бортында азаматтары болған үш елдің де тергеу нәтижелерін жасыруға мүдделі емес екенін атап өтті.

"Комиссия мен сарапшылар өз жұмысын жалғастыруда. Әзербайжан да, Ресей де, Қазақстан да тергеу нәтижелерін жасыруға мүдделі емес. Барлық ақпарат ашық түрде жарияланады. Мамандардың қорытынды жасауына және оны қоғамға жеткізуіне мүмкіндік беру қажет", - деп қосты Әшімбаев.

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.

Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.

Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызтан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.

Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.

Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.

Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.

Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.

АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.

Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.

Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда.

Сол күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, төтенше жағдай болған жерге барды. Көп ұзамай Қазақстан төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновты оқиға орнына жетті. Сөйтіп үкімет жанынан құрылған комиссия Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205381-azerbaizhan-da-resei-de-qazaqstan-da-aqparatty-zhasyruga-muddeli-emes-ashimbaev-aqtaudagy-ushaq-apaty-turaly-aitty/