Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс: басты сот талқылауы өтетін күн белгіленді
Жарияланған күні:

Шерзат Болаттың қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында 2025 жылғы 17 сәуірге 10:00-ге белгіленді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Басты сот талқылауы ашық сот мәжілісінде өткізілсін. Сот өндірісі қазақ тілінде жүргізілсін, Қазақстан Республикасының ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі Алматы және Жетісу облысы бойынша № 71 түзету мекемесінде күзетпен ұстауда отырған Н.Тоқтаубаев, А.Тоқтаубаев, Шынасыл, Сакиев, Белғожаев, Әскентай, Ілиясов, Қалиахмет және Ысқақ басты сот талқылауына жеткізілсін. Басты сот талқылауына мемлекеттік айыптаушылар, сотталушылардың қорғаушылары, заңды өкілі, айыптау актісінің тізіміне сәйкес жәбірленушілер, олардың өкілдері, куәлер шақыртылсын", - деп қаулы етті сот отырысына төрағалық етуші Жанұзақов.
Судья одан кейінгі сот отырысы 2025 жылғы 18 сәуірге тағайындалатынын айтты, яғни сот отырысы аптасына екі күн - бейсенбі және жұма күндері өтеді.
Айта кетейік, 2025 жылғы 10 сәуір сағат 12:00-де Шерзат Болаттың өлімі туралы іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Сот отырысына қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, сот бұл іс бойынша сот талқылауын ашық режимде өткізу туралы шешім қабылдады. Сот отырысынан онлайн трансляция жүргізіледі.
Сот істі алқабилердің қатысуынсыз қарау туралы қаулы етті.
Істі қарау Талдықорған қаласында жалғасады. Соттың алдын ала тыңдауы кезінде тараптардың бірі судьяға сот отырысын Алматы облысы Қарасай аудандық сотының ғимаратында өткізу туралы өтінішхатпен жүгінген. Сот қаулысымен сот процесі одан әрі де Талдықорғандағы Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралатын болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2234712-sherzat-bolattyng-olimine-qatysty-is-basty-sot-talqylauy-otetin-kun-belgilendi/