Шерзат Болаттың өліміне қатысты басты сот талқылауы басталды: онлайн-трансляция
Жарияланған күні:

Бүгін, 2025 жылы 17 сәуірде Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша басты сот талқылауы басталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Басты сот талқылауы Талдықорғандағы Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр.
Бүгінгі сот отырысына күзетпен ұстауда отырған сотталушылар – Н.Тоқтаубаев, А.Тоқтаубаев, Шынасыл, Сакиев, Белғожаев, Әскентай, Ілиясов, Қалиахмет және Ысқақ жеткізілді. Одан бөлек басты сот талқылауына мемлекеттік айыптаушылар, сотталушылардың қорғаушылары, заңды өкілі, айыптау актісінің тізіміне сәйкес жәбірленушілер, олардың өкілдері, куәлер шақыртылды.
Басты сот талқылауының онлайн-трансляциясын Жоғарғы Соттың YouTube-арнасынан көруге болады.
Айта кетейік, 2025 жылғы 10 сәуір сағат 12:00-де Шерзат Болаттың өлімі туралы іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Сот отырысына қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, сот бұл іс бойынша сот талқылауын ашық режимде өткізу туралы шешім қабылдады. Сот отырысынан онлайн трансляция жүргізіледі.
Сот істі алқабилердің қатысуынсыз қарау туралы қаулы етті.
Істі қарау Талдықорған қаласында жалғасады. Соттың алдын ала тыңдауы кезінде тараптардың бірі судьяға сот отырысын Алматы облысы Қарасай аудандық сотының ғимаратында өткізу туралы өтінішхатпен жүгінген. Сот қаулысымен сот процесі одан әрі де Талдықорғандағы Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралатын болды.
Еске сала кетейік, ақпанның соңында Ішкі істер министрлігі тергеудің аяқталғанын мәлімдеп, істі прокурорларға жолдады. Көп ұзамай іс сотқа жіберілді. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200 куәгерден жауап алынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2236539-sherzat-bolattyng-olimine-qatysty-is-onlain-transliatsiia/