
2024 жылы Қазақстан спортында кадрлық өзгеріс көп болды. KAZ.NUR.KZ тілшісі биыл жауапты қызметке тағайындалған қазақстандық спортшылар тізімін ұсынады.
- Биыл бірнеше қазақстандық атақты спортшы жоғары лауазымды қызметке тағайындалды.
- Геннадий Головкин ҰОК президенті, ХОК Olympism 365 комиссиясының мүшесі және Халықаралық бокс федерациясы Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болды.
- Василий Левит, Мұхтархан Ділдәбеков, Ақжүрек Таңатаров, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев және Ольга Рыпакова сияқты Олимпиада жүлдегерлері де спорт саласындағы жауапты қызметтерге тағайындалды.
Геннадий Головкин
26 ақпанда Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҰОК) бас ассамблеясының отырысы өтті. Сол жиында Геннадий Головкин ҰОК президенті болып сайланды. Бас ассамблея мүшелері оның кандидатурасын бір ауыздан қолдады. 2015 жылдан бері бұл қызметті Тимур Құлыбаев атқарған.
Ал мамырда Геннадий Головкин тағы бір жауапты қызметке тағайындалды. Ол Халықаралық Олимпиада Комитеті Olympism 365 комиссиясының мүшесі болды. Бұл комиссия БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі маңызды фактор ретінде спорттың рөлін күшейту үшін жұмыс істейді. Комиссияның стратегиясы Олимпиадалық қозғалыстың ішіндегі және одан тыс көптеген серіктестермен әріптестік орнату жолымен жүзеге асады.
Cондай-ақ Геннадий Головкин қыркүйекте Халықаралық бокс федерациясы (World Boxing) жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы атанды. Оның комиссия басшысы ретіндегі басты міндеттерінің бірі – боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында қалдырып, World Boxing ұйымын ХОК мойындауы үшін Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз әріптестік орнату. Кейін Головкин боксты Олимпиада бағдарламасында сақтап қалу үшін қолынан келгенін істеуге уәде берген еді.
Қарашада Қазақстан ҰОК басшылары мен қызметкерлері Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) комитеттері құрамына кірді. Спорт комитетіне Геннадий Головкин тағайындалды. Бас хатшы Әлімжан Ақаев Халықаралық қатынастар комитетінің мүшесі болды. PR және маркетинг департаментінің директоры Гүлназ Шукенова Медиа және БАҚ комитетіне кірді, ал Спорт департаментінің бас менеджері Роман Теміржанов Ақпарат және статистика комитетіне қосылды.
Айта кетейік, Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы мансабында 42 рет жеңіске жетіп, 1 жекпе-жегінде қарсыласымен тең түссе, 2 кездесуде жеңіліп қалған. Ол әр жылдары IBF, WBA және IBO белбеулерінің иегері болды. Ал әуесқой бокста Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (Aфина, 2004 жыл) және әлем чемпионы атанған (Бангкок, 2003 жыл).

Василий Левит
Бокстан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит ақпанда Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол 2022 жылдан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерді физикалық шынықтыру басқармасының басшысы қызметін атқарған еді.
36 жастағы Василий Левит – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, екі Олимпиада ойындарының қатысушысы, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Қазақстан тарихындағы алғашқы үш дүркін Азия чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін жүлдегері, бокстан халықаралық және ұлттық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

Мұхтархан Ділдәбеков
Бокстан Сидней Олимпиадасының күміс медаль иегері Мұхтархан Ділдәбеков ақпанда Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік штабпен жұмыс бойынша вице-президенті болды.
Ділдәбеков – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2000), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1999), Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері (1999 және 2004), Азия ойындарының чемпионы және 2 дүркін жүлдегері (1998, 2002 және 2006), Афро-Азия ойындарының күміс жүлдегері (2003), "Парасат" орденінің иегері.

Ақжүрек Таңатаров
Еркін күрестен Олимпиаданың қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров наурызда Жамбыл облысы әкімінің спортты дамыту жөніндегі кеңесшісі (штаттан тыс) болып тағайындалды. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.
Өткен жылы Таңатаров Олимпиадалық резервтің Жамбыл облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің басшысы қызметінен "заңсыз қуылғанын" айтқан еді.

Серік Сәпиев
Бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы және Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев қарашада Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болды. Ол облыста спортты дамыту үшін бар күш-жігерін салатынын айтты.
"Мемлекет басшысы айтқандай, биліктің вертикалы құрылуы тиіс. Алда назар аударуды қажет ететін спорт түрлері ескерілетін жаңа заң қабылданады. Қарағанды спортының тарихы зор әрі даңқты. Жетекшілік позицияны қайтару керек. Менің өз жоспарларым, идеяларым бар. Туған жерімді спортқа бейім еткім келеді. Алдымен мен барлық ведомстволық бағынысты ұйымдарды тыңдап, олармен кездеспекшімін, аймақтарды аралаймын. Сапарлар қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз", - деді Олимпиада чемпионы.
Серік Сәпиев еңбек жолын Қазақстан бокс федерациясында бастап, жаттықтырушы-оқытушы, кейін спорт директоры болған. "Astana Arlans" кәсіби спорт клубын басқарды. 2017 жылы парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2019 жылдың қаңтарында мемлекеттік қызметке ауысты – үш жылға жуық Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарды. Содан кейін Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарды.

Бақтияр Артаев
Бокстан 2004 жылғы Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев 10 желтоқсанда Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Бақтияр Артаев Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін "Құқықтану", "Менеджмент", Қазақ спорт және туризм академиясын "Дене шынықтыру және спорт", ҚазТұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандықтары бойынша бітірген, "Құқықтану", "Дене шынықтыру және спорт" магистрі.
Артаев еңбек жолын 2004 жылы "Тараз газ шаруашылығы басқармасы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері болып бастаған. 2009-2013 жылдары Жамбыл облысы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, Жамбыл облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2013-2021 жылдары "Астана" Президенттік кәсіпқой спорт клубы" корпоротивтік қорынының президенті, "Тарлан батырлары" ЖШС директоры, "Астана Арланс" ЖШС бас менеджері болды.
Ал 2021-2022 жылдары "Қазақстан бокс федерациясы" қауымдастығының ұлттық командалар үйлестірушісі, вице-президенті, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спортты дамыту дирекциясының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы қызметтерін атқарған. Бақтияр Артаев елімізде спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталған.

Ольга Рыпакова
11 желтоқсанда өткен жиында Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеді. Ол федерация президенттігіне даңқты жеңіл атлет, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың кандидатурасын ұсынды. Жиынға қатысушылар, соның ішінде облыс федерацияларының басшылығы мен спорт қауымдастығы Рыпакованың кандидатурасын бірауыздан қолдап, ол федерация президенті болып сайланды.
Айта кетейік, Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2012 жылы Лондонда алтын, 2016 жылы Риода қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ ол жабық кешендегі әлем чемпионатының жеңімпазы (2010). Қазақстандық спортшы 2023 жылы 38 жасында үлкен спортпен қош айтысқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2203317-golovkin-sapiev-rypakova-2024-zhyly-lauazymdy-qyzmetke-tagaiyndalgan-sportshylar/