Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық спортшылар өткен аптада қандай жеңіске жетті

Опубликовано:

Нысана көздеуші Әсем орынбай
Нысана көздеуші Әсем орынбай. Фото: olympic.kz

Қазақстандық спортшылар өткен аптада ауыр атлетика мен нысана көздеуден алтын жүлдеге ие болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Спорт және туризм министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ауыр атлетика

Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында екі отандасымыз үздіктер қатарынан көрінді. 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жарысқа шыққан қазақстандық Айсамал Сансызбаева қоссайыс қорытындысы бойынша 250 келіні бағындырды. Серпе көтеруден 143 келіні, ал жұлқа көтеруден 107 келіні еңсеріп, күміс медальға ие болды. Ал Едіге Емберді (81 келі) қос сайыста 336 (145+191) келіні еңсеріп, әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ тағы бір қазақстандық ауыр атлет Егор Шерер (89 келі) 7-орыннан көрінді.

Нысана көздеу

Қатар астанасы Дохада нысана көздеуден Әлем кубогі өтті. Биыл Азия ойындарында екі алтын, бір қола медаль жеңіп алған Әсем Орынбай стенд атудың скит бағдарламасында 51 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алды. Италия спортшысы Кьяра Ди Марциантонио күміс медальді еншілесе, қола жүлде АҚШ спортшысы Дания Джо Вицциге бұйырды.

Мәнерлеп сырғанау

Отандық мәнерлеп сырғанаушы Рахат Бралин Эстонияның Таллин қаласында өткен ересектер арасындағы Tallinn Trophy халықаралық турнирінде күміс жүлде жеңіп алды. Ол қысқа бағдарламада 65.18 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші сатыға жайғасты. Ал еркін бағдарламада төрешілер 128.90 ұпай берді. Рахат Бралин жалпы есепте 194.08 ұпай жинап, Израиль спортшысы Лев Винокурден кейін екінші орынға тұрақтады. Қола медальға украиналық Кирило Марсак ие болды. Жиырма жылдық тарихы бар турнирге биыл 19 мемлекеттен 63 спортшы қатысты.

Жүзу

Таиландтың Пхукет қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы ескекаяқпен жүзуден VI Азия чемпионатында қазақстандық спортшы Инсар Құсанов 100 метр қашықтықта күміс медальге ие болды. Тағы бір отандасымыз Дамир Ахметов 11-орыннан көрінді. Биыл біріншілікке 17 елден 234 команда қатысып жатыр.

Ушу

АҚШ-тың Даллас қаласында өткен ушудан 16-шы Әлем чемпионатында ұлттық құрама спортшылары 4 медаль жеңіп алды.

  • Нұрсұлтан Тұрсынқұлов (+90 кг) – күміс;
  • Бексұлтан Қоскенов (65 кг) – қола;
  • Ислам Каримов (56 кг) – қола;
  • Ақниет Марат (75 кг) – қола.

2023 жылғы Әлем біріншілігіне 80 мемлекеттен 800-ге жуық жекпе-жек шебері жиналды. Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы есепте 16-сатыға тұрақтады.

Шахмат

Италияның Монтесильвано қаласында өткен жастар арасындағы классикалық шахматтан әлем чемпионатында 18 жасқа дейінгі ерлер арасында Алдияр Аңсат қола медаль жеңіп алса, 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Елназ Қалиахмет күміс медальға ие болды. Ал 16 жасқа дейінгі шахматшылар арасында Алуа Нұрманова 3-орын иеленді.

Конькимен жүгіру

Италияның Базельга-ди-Пине коммунасында конькимен жүгіруден жастар арасындағы Әлем кубогінің алғашқы кезеңі өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы жарысты үш медальмен бастады. Алғашқы жарыс күнінде нео-сеньор дивизионында мың метрге конькимен жүгіруден Инесса Шумекова қола жүлдеге ие болды. Ал жастар арасындағы командалық сында Қазақстан əйелдер құрамасы күміс медаль жеңіп алды. Əпкелі-сіңлілі Кристина жəне Алина Шумекова, Мария Деген үштігі тек Нидерланд спортшыларына жол берді. Нео-сеньор дивизионында Қазақстан əйелдер құрамасы тағы да күміс жүлдеге ие болды. Бұл жолы жарыс жолына Маргарита Артемьева, Арина Ильященко мен Алена Лифатова шықты. Ертең конькимен жүгірушілер 500 м, 1500 м мен масс-стартта жүлдеге таласады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2047764-qazaqstandyq-sportsylar-otken-aptada-qandai-zeniske-zetti/

pixel