Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ауғанстанда тағы екі жойқын жер сілкінісі тіркелді

Опубликовано:

Ауғанстан
Ауғанстан. Көрнекі фото: pixabay.com

Герат тауынан оңтүстік-батысқа қарай Ауғанстан аумағында тағы екі жер сілкінісі тіркелді. Бұл аумақта 272 мың адам тұрады.

ТЖМ "СТӘЭ" ЖШС сейсмикалық станциялар желісінің ақпаратынша, 2023 жылғы 11 қазанда Алматы уақыты бойынша сағат 6:44:05-те жер сілкінісі тіркелген.

Зілзала ошағы Алматыдан оңтүстік-батыста 1549 километр жерде, яғни Ауғанстан аумағында орналасқан.

Жер асты дүмпулерінің магнитудасы - 6,3. Энергетикалық класы - 14,1. Тереңдігі 10 км жерде орналасқан.

Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының сайтындағы мәліметке сүйенсек, бүгін түнде Ауғанстанда магнитудасы 6,3 және 5 болатын екі жер сілкінісі тіркелген.

Магнитудасы 6,3 болатын бірінші жер сілкінісі Алматы уақыты бойынша сағат 06:41-те 272 мың адам тұратын Герат тауынан оңтүстік-батысқа қарай 31 км жерде болған.

Екінші жер сілкінісі Алматы уақыты бойынша сағат 06:52-де Герат тауынан 51 км жерде тіркелді.

Еске сала кетсек, 7 қазан күні Ауғанстанның батысында Иранмен шекарада магнитудасы 6,3 болатын жер сілкінісі тіркелді. Табиғи апат салдарынан кем дегенде 120 адам қаза тапқан, алайда құрбандар саны артуы мүмкін екені хабарланған болатын.

Жер сілкінісінің ошағы Герат қаласының батысында 40 км жерде болған. Жер асты дүмпулері жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де басталған.

Кейін Ауғанстан Табиғи апаттар бойынша министрлігінің өкілі Мулла Джанан Саик жер сілкінісі салдарынан 2053 адам қаза тапқанын хабарлады. Жер асты дүмпулерінен тағы 9240 адам зардап шекті.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанға құтқарушылар мен гуманитарлық көмек жіберуді тапсырған еді.

Гуманитарлық көмек азық-түлік тауарлары, шатырлар, дәрі-дәрмектер, киім-кешек және басқа да қажетті заттардан тұрады.

Ал бүгін, 11 қазанда Қазақстан Ауғанстанға салмағы 1659 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жөнелтті. Дәрі-дәрмектер мен шатырлар Ұлттық гвардия ұшағымен жіберілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2040466-auganstanda-tagy-bir-zoiqyn-zer-silkinisi-tirkeldi/

pixel