Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Крокус Сити Холл кешеніндегі теракт: қазіргі уақытта 90-нан астам адам қаза тапқаны белгілі болды

Опубликовано:

"Крокус Сити Холл" концерт залындағы қайғылы жайт
"Крокус Сити Холл" концерт залындағы қайғылы жайт. Фото: Stringer/AFP/Getty Images

Ресейде Мәскеудегі Крокус Сити Холл ғимаратында адамдарға жасалған террорлық шабуылды тергеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта терактіден 93 адамның қаза тапқаны хабарланды, деп хабарлайды Ресей Федерациясының Тергеу комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Төтенше жағдайлар қызметі үйінділерді тазалау кезінде тергеу тобы концерт залының аумағын тексеруді және заттай айғақтар жинауды жалғастырып жатқаны хабарланды. Бейнебақылау камераларының жазбалары да зерттелуде, зардап шеккендермен жұмыс басталып кетті.

"Қазіргі уақытта қаза тапқандар саны 93 адам екені анықталды. Қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге оқтан жарақаттану және жанған заттардан улану себеп болған", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар концерт залының ішін тексере келе, тергеушілер террористер шабуыл кезінде автоматты қаруды қолдануы мүмкін деген қорытындыға келді, олар қалдырған оқ-дәрілер табылды.

"Баллистикалық, генетикалық және саусақ ізі сараптамалары жүргізіледі.

Сондай-ақ террористердің жанғыш сұйықтықты пайдаланып, көрермендер болған концерт залының ғимаратын өртегені анықталды", - деді Ресейдің Тергеу комитеті өкілдері.

Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холлда" болған теракт

22 наурызда Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" концерт залында белгісіз біреулер атыс шығарғаны туралы ақпарат тарады. Концерт залының ғимаратында "Пикник" тобының концерті өтуі керек болған. Алайда ғимаратқа белгісіз біреулер кіріп келіп, атыс шығарған. Артынша ғимаратта өрт шығып, куәгерлер оқиғаның видеосын жариялаған. Оқиға орнында жарылыс болғаны да хабарланды.

Ресейдің Тергеу комитеті атыстан 60-тан астам адам қаза тапқанын, құрбандар саны артуы мүмкін екенін мәлім етті. РИА Новости агенттігінің мәліметінше, 115 адам ауруханаға жеткізілді, оның бесеуі балалар: 60 ересек адамның және бір баланың жағдайы ауыр.

Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметі басшысы Александр Бортников Владимир Путинге ғимаратына террорлық шабуыл жасаған 11 адамның, оның ішінде Крокус-Сити Холлдағы терактіге тікелей қатысы бар төрт террористің де ұсталғаны туралы баяндады.

Қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтып, терактіні мүлдем ақтауға болмайтынын мәлімдеді.

23 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі лаңкестік оқиғаға байланысты қабылданатын шаралар туралы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізетінін хабарлады.

Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2072517-krokus-siti-xolldagy-terakti-qazirgi-90-nan-astam-adam-qaza-tapqany-belgili-boldy/

pixel