Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әзербайжандық БАҚ ұшақ апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы егжей-тегжейлі мәлімет таратты (фото)

Жарияланған күні:

Ақтаудағы ұшақ апаты
AZAL әуе компаниясының ұшағы. Фото: SOPA Images/Getty Images

Әзербайжанның ақпарат құралдары Ақтау маңында болған ұшақ апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жайында мәлімет берді. Апат кезінде ұшақ бортында 42 әзербайжандық болған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ.

Media.az мәліметінше, қаза тапқандардың бірі – 13 жастағы жасөспірім. Ол жаңажылдық мерекелерде Грозныйға жалғыз өзі ұшып бара жатқан. Жасөспірім Бакуде тұрған, оның қазасы туралы сыныптастары әлеуметтік желіде жазған.

APA агенттігі қаза тапқан тағы бір жолаушы 20 жастағы Махмуд Тутунчиев екенін хабарлады. Ол Баку Еуразия университетінің студенті болған. Махмуд отбасымен Сумгайт қаласында тұрған.

Ақтау маңында құлаған ұшақта қаза тапқандар
Махмуд Тутунчиев. Фото: apa.az

Апаттан тірі қалғандардың арасында Самир Алыев бар. Оның анасы Гүллю Алыева APA агенттігіне берген сұхбатында ұлының Грозныйға достарымен кездесуге барғанын айтты. Апат болған соң, Самир анасына жараланғанын және ауруханада жатқанын хабарлаған, бірақ байланыс көп ұзамай үзілген.

Lent.az хабарлауынша, Зағатала ауданының тұрғыны Салихат Джеерова отбасына видео жолдап, өз жағдайының жақсы екенін айтқан. Алайда ол ұшақта өзімен бірге болған әкесі Хизри Джееров туралы әлі ешқандай хабар ала алмаған.

Аман қалғандардың қатарында ұшақтың стюардессасы Айдан Рахимли де бар. Желідегі видеолардан жолаушыларды сабырға шақырып, тыныштандыруға тырысқан әріптесі Хокума Әлиеваның апат кезінде қаза тапқаны белгілі болды.

"Аспансерік…жағдайдың қиындығына қарамастан, барынша өзін кәсіби маман ретінде ұстап, бізге нұсқау беруден шаршамады. Өзі жасау керек міндеттің бәрін орындады", - деп еске алды ұшақ апатынан аман қалған Субхонкул Рахимов ТАСС-қа берген сұхбатында.

Ақтау маңында құлаған ұшақта қаза тапқандар
Хокума Әлиева. Фото: modern.az

Хокума Әлиева 1991 жылы Келбажар ауданының Сусуз ауылында дүниеге келген. Бакуде заңгер мамандығын игеріп, магистратура мен докторантураны аяқтаған. Әкесі Modern.az сайтына берген сұхбатында қызының бұл рейсі оның стюардесса ретіндегі соңғыларының бірі болуы керек екенін айтты.

Ал қыздың анасы Хокуманың AZAL компаниясында 2016 жылдан бері қызмет етіп келгенін хабарлады.

"Хокуманың қазасы туралы әкесі хабарлады. 6-сыныпқа дейін Ресейде оқыды, отанын сағынды, сондықтан елге оралды. Жоғарғы білім алып, заңгер атанды.

Ол көпшіл, мейірімді болатын. Көп елде болды. "Мені мақтан тұтыңдар" деп жиі айтатын. Бір рет рейстен келгенде ұшақ құлай жаздағанын айтқан еді. Осы жолы шынымен апат болып, қызым аман қалмады", - деді Кямаля Әлиева.

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.

Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.

Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызтан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.

Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.

Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.

Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.

Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.

АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.

Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.

Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда.

Сол күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, төтенше жағдай болған жерге барды. Көп ұзамай Қазақстан төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов оқиға орнына жетті. Сөйтіп үкімет жанынан құрылған комиссия Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2205422-azerbaizhandyq-baq-ushaq-apatynan-qaza-tapqandar-men-zardap-shekkender-turaly-egzhei-tegzheili-malimet-taratty-foto/