Оңтүстік Корея президенті міндетін атқарушыға да импичмент жарияланды
Жарияланған күні:
27 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті міндетін атқарушы Хан Док Суға да импичмент жарияланды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ RBC агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Оңтүстік Кореяның ұлттық ассамблеясы (парламент) депутаттарының басым бөлігі президент міндетін атқарушы премьер-министрі Хан Док Суға импичмент жариялауды қолдап дауыс берді.
Парламенттегі 300 депутаттың 192-сі импичментті жақтаған. Айта кетерлік жайт, Конституцияға сәйкес, президентке импичмент жариялау үшін 200 дауыс қажет, алайда премьер секілді лауазымы төменірек шенеунікті қызметтен алуға 151 дауыс жеткілікті.
Дауыс беру қарсаңында ұлттық ассамблея спикері У Вон Сик дауысты премьер-министрге импичмент жариялау деп қабылдайтынын ескерткен.
Хан Док Су Оңтүстік Корея президенті міндетін 14 желтоқсаннан бастап атқара бастады. Себебі мемлекет басшысы Юн Сок Ёль елде әскери режим жариялағаны үшін импичментпен биліктен шеттетілген.
Хан Док Су мәселесін дауысқа салуды елдегі басты оппозициялық күш – Корея демократиялық партиясы ұсынған. Өйткені үкімет Юн Сок Ёль мен оның әйелі Ким Гон Хиді тергеуді көздейтін заң жобасын қараудан бас тартқан.
Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль 3 желтоқсанда түнде елде әскери режим жариялаған. Алайда елдегі оппозициялық күштер оның бұл шешіміне қарсы шығып, ертесіне-ақ төтенше жағдайды алып тастаған.
Бірнеше күннен соң прокуратура елдің бұрынғы қорғаныс министрін ұстады. Ол президент Юн Сок Ельге елде әскери режим енгізуге кеңес бергенін мойындаған.
Артынша елдің әділет министрлігі ел президенті Юн Сок Ёльге елден шығуға тыйым салды.
Жақында парламент елдің бірінші ханымы Ким Гон Хиге қатысты тергеу жүргізуге рұқсат беретін заң жобасын қабылдады.
14 желтоқсанда президент Юн Сок Ёлға импичмент жариялау ресми түрде қолдау тапты. Мемлекет басшысы міндетін уақытша атқару премьер-министрге тапсырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2205941-ongtustik-koreia-prezidenti-mindetin-atqarushyga-da-impichment-zhariialandy/