Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтаудағы ұшақ апаты: Путин қайғылы жайтқа байланысты Ильхам Әлиевтен кешірім сұрады

Жарияланған күні:

Владимир Путин
Владимир Путин. Фото: Sefa Karacan / Anadolu via Getty Images

Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды. Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
ДСМ: Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен 29 азамат отанына аман-есен жеткізілді

Telegram-дағы "Кремль. Новости" арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Ресей тарапының бастамасымен Владимир Путин Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлескен.

"Желтоқсанның 25-і күні Қазақстанның Ақтау қаласына жақын жерде "Әзербайжан әуежелілері" әуекомпаниясы жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.

Владимир Путин қайғылы жайт Ресей әуе кеңістігінде болғанына байланысты кешірім сұрады және қаза болғандардың отбасыларына тағы да қайғыра көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Әңгіме барысында кестеге сай ұшқан Әзербайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға әрекеттенгені айтылды. Бұл кезде Грозный, Моздок және Владикавказға украиналық жауынгерлік ұшқышсыз ұшатын аппараттар шабуыл жасады, ал ресейлік әуе қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарға тойтарыс берді", - делінген Кремль таратқан хабарламада.

Сондай-ақ Ресейдің Тергеу комитеті осы факт бойынша Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 263-бабымен (Әуе көлігін пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) қылмыстық іс қозғағаны хабарланды.

"Қазір Әзербайжан Бас прокуратурасының екі қызметкері Грозныйда жүр, олар Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы мен Тергеу комитеті өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуде. Ресей, Әзербайжан және Қазақстанның арнайы қызметтері Ақтау іргесіндегі апат орнында өзара тығыз жұмыс істеуде", - делінген хабарламада.

Ақтау маңындағы ұшақ апаты

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыртуы түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.

Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.

Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.

Көп ұзамай Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.

Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты..

АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.

Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.

Сол күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, апат болған жерге барды. Үкімет жанынан құрылған комиссия Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады, сол ауданда жергілікті төтенше жағдай жарияланды.

Azerbaijan Airlines әуе апатының себептерін тергеу аяқталғанша Бакуден Грозный мен Махачкалаға ұшуды уақытша тоқтатты.

Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.

Қайғалы апатқа байланысты брифинг барысында көлік министрі ұшақ экипажының бес мүшесінен үшеуі аман қалғанын хабарлады. Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан экипаждың үшеу емес, екі мүшесі ғана тірі қалғанын мәлімдеді.

Әзербайжан астанасында мемлекеттік алаңдағы және басқа да ресми мекемелердегі ту түсіріліп, аза тұту күні жарияланды.

26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.

Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2206350-putin-ilham-alievten-keshirim-surady/