Қарағанды облысындағы тағы бір шахтада өрт шықты
Жарияланған күні:
Қарағанды облысында бүгін түнде "Саранская" шахтасында өрт шықты. Оқиғаның себептері анықталуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "АрселорМиттал Теміртау" АҚ ресми сайтына сілтеме жасап.
"27 тамызда сағат 01:55-те "Саранская шахтасында өрт шығып, апатты жою жоспары енгізілді. Өртті КӘТКҚ бөлімінің күштері сөндірді. Барлық жұмысшы жер бетіне шықты", - делінген хабарламада.
Компания оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының мәліметінше, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
"Қазақстан" шахтасындағы апат
Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді.
Өрт кезде жер астында 227 адам болғаны, олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, бесеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды.
Кейін іздестіріліп жатқан бес жұмысшының бірінің денесі табылғаны хабарланды.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының мәліметінше, ол 57 жастағы электрик Виталий Владимирович Слюнков. Марқұмның еңбек өтілі – 39 жыл.
18 тамызда АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай "Қазақстан" шахтасында төтенше жағдай кезінде қаза тапқан тағы бір жұмысшының денесі табылғанын хабарлады.
Сондай-ақ өрттен зардап шеккендердің саны 13 адамға дейін өскені, Мақажанов атындағы ауруханаға зардап шеккен тоғыз кеншінің жеткізілгені айтылды.
Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.
Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2034139-qaragandy-oblysyndagy-tagy-bir-saxtada-ort-syqty/