Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Майқайыңдағы апат: опырылған жерден құтқарушылардың автобусы табылды

Жарияланған күні:

"Майқайың-алтын" шахтасы
Оқиға орны. Фото: instagram.com/pavlodar_tjd

"Майқайыңалтын" АҚ тау-кен телімі ауданында опырылған жерден құтқарушылардың автобусы табылды. Іздестіру жұмыстары әлі жүріп жатыр, деп хабарлайды Павлодар облысының әкімдігіне сілтеме жасаған KAZNUR.KZ.

Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, кеше кешкісін қазба жұмыстары кезінде құтқарушылардың автобусы табылған.

"Ауа райының қолайсыздығына және топырақтың құлау қаупінің сақталуына байланысты жұмыстар аса сақтықпен жүргізіліп жатыр", - делінген ресми хабарламада.

Әкімдік өкілдері бүгін таңғы сағат 05.00-ден бастап іздестіру жұмыстары қайта жанданғанын атап өтті.

"55 жастағы төртінші құтқарушы, жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылған жоқ. Жақын арада іздестіру жұмыстары нәтиже береді деген үміттеміз", - деп хабарланды Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні "Майқайың" кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді.

Автобуста 4 адам болған. Олар – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының" Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі. Қаза болған екі қызметкердің денесі жер бетіне шығарылды, қалған екі қызметкерді іздеу жұмыстары осы күнге дейін жүргізіліп келе жатыр.

Бұл оқиғадан соң Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады.

Тергеу қорытындысы жарияланды. Комиссия жауапты 7 адамды анықтады.

29 қаңтарда Павлодар облысының әкімі іздестіру жұмыстарының нәтижесінде автобус дөңгелегі табылғанын хабарлады. Бірнеше күннен кейін опырылған жерден құтқарушының дулығасы мен қол радиосы табылды.

5 ақпанда опырылған жерде жұмыс тоқтатылды. Төтенше жағдайлар департаменті оқпанға құлаған автобусты іздестіру орнында опырылып қалу қаупі тым жоғары екенін мәлімдеді. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр "Майқайыңалтын" АҚ-да құлаған автобусты құтқару үшін халықаралық құтқарушыларды тартудың қажеті жоқ екенін айтты.

7 ақпанда іздеу жұмыстары қайта жанданды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің жаңа басшысы "Майқайыңалтын" кәсіпорнындағы жұмыс барысына тоқталып, оқиғаның себебін комиссия анықтағанын атап өтті.

Оқиғадан соң үш ай өткенде іздестіріліп жатқан екі адамның туыстары көмек сұрап Астанаға келді. Марқұмның жақындары құтқару жұмыстарын жалғастыруды талап етті.

17 сәуірде Астана соты "Майқайыңалтын" АҚ-ның жауапты тұлғаларын автобус апатына кінәлі деп танып, шешім шығарды. Жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі бар екені анықталды. Бұған дейін компания өкілдері жазатайым оқиғаға қатысы жоғын айтып, кінәні мойындамаған еді.

Естеріңізге сала кетейік, 19 шілдеде "Майқайыңалтын" АҚ күштері қазу жұмыстары кезінде 70 метр тереңдіктен бір құтқарушының мәйітін тапты. Ол 4 қаңтарда автобустағы тағы үш әріптесінің құрамында жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне құлап кеткен болатын. Оның жеке басы анықталып, ол 36 жастағы Айдос Шаймерден болып шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2139511-maiqaiyngdagy-apat-opyrylgan-zherden-qutqarushylardyng-avtobusy-tabyldy/