Оқыс оқиға

Зектілері

"Бір де бір нұсқаға сенбеймін": депутат партияласы Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты пікір білдірді

Жарияланған күні:

Читать на русском
Руслан Берденов
Руслан Берденов. Фото: instagram.com/ruslan_berdenov

Respublica партиясынан сайланған мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров партияласы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Әзірге бәрі жақсы деп айта алмаймыз, өйткені ол ауыр жараланды. Оған үш рет оқ атылды. Мұндай шабуылдан, мұндай оқ атудан кейін тірі қалу қиын. Оңалту біраз уақытты алады.

Біз, сондай-ақ өзім де қатты уайымдадым. (...) Руслан спортпен шұғылданады", - деді Айдарбек Ходжаназаров.

Ол болған оқиғадан саяси астар іздемейтінін жеткізді.

"Менің ойымша, бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ. Бұл жеке мәселе. Мен бір де бір нұсқаға сенбеймін. Бұл қарапайым тұрмыстық сипаттағы қылмыс деп ойлаймын. Ол әзірге айғақ бере алмайды", - деп түсіндірді депутат.

Естеріңізге сала кетейік, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасалды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Полиция күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Кейін Руслан Берденовтің партияласы Бейбіт Әлібеков Шымкент әкімінің орынбасарына шабуыл жасауға не себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Сондай-ақ бұл оқиғаға қатысты Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісі бөлімінің басшысы Әйгерім Жұмағұлова пікір білдіріп, БАҚ өкілдерін, блогерлер мен құқық қорғаушыларды заңды бұзбауға және жалған ақпарат жарияламауға шақырды.

Ал дәрігерлер Руслан Берденовке шұғыл түрде ота жасалғанын, ота төрт сағаттан аса уақытқа созылғанын жеткізді. Кейінірек оның есін жиғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2238471-bir-de-bir-nusqaga-senbeimin-deputat-partiialasy-ruslan-berdenovke-zhasalgan-qastandyqqa-qatysty-pikir-bildirdi/