Ұлытау облысындағы шахтадағы апат: марқұмдардың отбасына қандай көмек көрсетіледі
Жарияланған күні:

Ұлытау облысының әкімдігі, сондай-ақ "Қазақмыс" корпорациясы "Жомарт" шахтасындағы апаттан қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсететіндерін мәлімдеді.
"Қазақмыс" ұжымдық келісімшартта көзделгендей, "Жомарт кенішінде" қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетеді.
Әлеуметтік және материалдық қолдау мақсатында, соның ішінде моральдық зиянды өтеу үшін, қаза тапқандардың отбасыларына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері және 2 миллион теңгеден астам жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға төленеді.
Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несие және қарыздарын жабу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған", - делінген компания таратқан хабарламада.
Сондай-ақ Ұлытау облысының әкімдігі кен орнында қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қажетті қолдаудың барлығын көрсететінін мәлімдеді. Қайғылы оқиғаға байланысты өңір басшысы Дастан Рыспеков көңіл айтты.
"Қайғылы оқиға баршамыздың жүрегімізге ауыр тиді. Бұл жағдай – бірнеше отбасы үшін орны толмайтын қаза. Қайтыс болған кеншілердің туған-туыстарына, жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бұл қасірет баршамыз үшін оңайға соққан жоқ. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету үшін барлық тиісті шара қабылданады", - делінген көңіл айту жеделхатында.
Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы "Жомарт" кен орнында тау-кен массасы опырылып, жеті жұмысшы төтенше жағдай аймағында қалған болатын.
Оқиға орнына дереу Ұлытау және Қарағанды облыстары ТЖД күштері мен құралдары, оның ішінде кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері мен Қазақстан ТЖМ психологтары жіберілді.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жеті жұмысшының денесі табылып, жер бетіне шығарылды. Марқұмдардың денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Шахтада болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ апаттың алдын ала себебі айтылды.
Бұдан бөлек, шахтаның опырылу себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысындағы кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, мемлекеттік органдарға тапсырма берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2221626-ulytau-oblysyndagy-shahtadagy-apat-marqumdardyng-otbasyna-qandai-komek-korsetiledi/