Ұлытау облысындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің отбасыларына жәрдемақы беріледі
Жарияланған күні:

Ұлытау облысында шахтаның опырылуынан қаза тапқан кеншілердің отбасыларына асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар мен төлемдер тағайындалады. Бұл туралы үкіметке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша Ұлытау облысындағы "Қазақмыс" МК кенішіндегі ТЖ салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасыларына бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады.
Қаза болған әрбір кеншінің асырауында балалары болғанын ескере отырып, олардың отбасыларына асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Жәрдемақы мөлшері қайтыс болған асыраушысының асырауындағы адамдардың санына және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты.
Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі баласы бар жұмыссыз үш анаға да тағайындалады.
Қаза тапқан кеншілердің барлығы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болғандықтан, олардың отбасына мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер тағайындалады.
Осылайша, асырауындағы бір адам үшін бюджеттен төленетін жәрдемақы мөлшері 42 530 теңгені, ал МӘСҚ-дан төленетін төлемдер – 141 523 теңгені, асырауында бес адам болса, жәрдемақы мөлшері 127 127 теңгені және МӘСҚ-дан төленетін төлемдер – 335 017 теңгені құрайды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемдер балалары 18 жасқа толғанға дейін, ал олар жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқыған жағдайда – 23 жасқа дейін төленеді.
Сондай-ақ қаза тапқан кеншілер отбасыларының барлығы "БЖЗҚ" АҚ-дан 369 608 теңге (94 АЕК) мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем алуға құқылы.
Сонымен қатар жұмыс беруші компания қаза тапқандардың отбасыларына ұжымдық шартта көзделген барлық қажетті көмекті көрсетеді:
- Жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін 550 АЕК мөлшерінде төлемдер (2 162 600 тг);
- Қайтыс болған адамның отбасына жылдық орташа жалақының 10 еселенген мөлшерінде төлем. Орташа алғанда бұл – 84 млн-нан 124 млн теңгеге дейін;
- Асыраушысынан айырылу бойынша ай сайынғы төлемдер;
- Балалардың оқу ақысын төлеу;
- Қаза тапқан жұмысшылардың несиелері мен қарыздарын өтеу.
Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы "Жомарт" кен орнында тау-кен массасы опырылып, жеті жұмысшы төтенше жағдай аймағында қалған болатын.
Оқиға орнына дереу Ұлытау және Қарағанды облыстары ТЖД күштері мен құралдары, оның ішінде кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері мен Қазақстан ТЖМ психологтары жіберілді.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жеті жұмысшының денесі табылып, жер бетіне шығарылды. Марқұмдардың денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Шахтада болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ апаттың алдын ала себебі айтылды.
Бұдан бөлек, шахтаның опырылу себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысындағы кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, мемлекеттік органдарға тапсырма берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2221817-ulytau-oblysyndagy-shahtada-qaza-tapqan-kenshilerding-otbasylaryna-zhardemaqy-beriledi/