Экс-депутат Бақытжан Базарбек ұшыраған жол апаты: зардап шеккен азамат ауруханадан шықты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек ұшыраған жол апатынан зардап шеккен 36 жастағы Нұржігіт Қошанов ауруханадан шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Зардап шеккен азаматтың ауруханадан шыққан сәті түсірілген видеоны бұрынғы мәжілісмен Instagram-дағы парақшасының Stories бөлімінде жариялады. Ол Нұржігіттің жол апатынан кейін 31 күннен соң ауруханадан шыққанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 15 тамызда Жамбыл облысында 36 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткені белгілі болған еді. Әлеуметтік желілерде көлік тізгінінде мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
"Алдын ала мәлімет бойынша, бұған дейін тасжолда көлік сиырды қаққан. Оқиғадан кейін бір топ ер адам малдың өлексесін жолдан алып тастауға тырысқан сияқты. Олардың бірі Бақытжан Базарбек басқарды делінген Rav-4 автокөлігінің астында қалып қойған", - делінген еді желіде тараған жазбада.
Зардап шеккен азамат ауруханаға түсті. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Кейінірек экс-депутат жол апатына қатысы бар екенін растап, асығыс шешім шығармауға шақырды.
Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы зардап шегушіге қатысты мәлімет беріп, оның көпжарақат пен травматикалық шок салдарынан өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.
Кейін Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен азаматтың жақындарымен түскен видеосын жариялады.
Тамыздың аяғында ер адам Құлан ауылының ауруханасынан Тараз қалалық ауруханасына ауыстырылды. 24 күннен кейін ол комадан шықты.
Бұрынғы мәжілісмен Нұржігіт Қошановпен және дәрігерлермен түскен фотосын да бөлісіп, зардап шеккен азаматтың аяғы сынғандықтан, алда әлі оңалту кезеңі күтіп тұрғанын айтты.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2428890-eks-deputat-baqytzhan-bazarbek-ushyragan-zhol-apaty-zardap-shekken-azamat-auruhanadan-shyqty/
