Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күштер сақадай сай болуға тиіс": жаңа премьер Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты тапсырма берді

Жарияланған күні:

Премьер-министр Олжас Бектенов
Премьер-министр Олжас Бектенов. Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Алматыдағы жер сілкінісі бойынша түсініктеме берді. Бұл туралы премьер-министр үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Қазір болған жағдайды есептеу-бағалау жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керек. Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қауіпіне қатысты тиісті мониторингті қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдай қаупі туындаған кезде шұғыл әрекет ету шараларын қабылдау керек", - деді үкімет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін үкімет отырысында Алматы қаласындағы жер сілкінісіне қатысты жағдай қаралып, төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов баяндама жасаған.

Оның сөзінше, республикалық және өңірлік жедел штабтар құрылып, 384 азаматтарды қабылдау пункті ұйымдастырылды.

Тәулік бойы "жедел желі" жұмыс істеуде. Оқиға болған күні қабылдау пункттерінде үш мыңға жуық адам орналасты.

"Әкімдіктермен қираған ғимараттарды анықтау бойынша тексеру жалғасуда. Сел қаупі бар аумақтарда аэровизуалды зерттеу жүргізілді. Алгоритмге сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері тартылды. Алматы қаласы бойынша барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде.

Қазіргі уақытта ел бойынша сейсмикалық жағдай тұрақты. Төтенше жағдай министрлігі профилактикалық жұмыстарды жалғастырады", - деп есеп берді Әрінов..

Алматыдағы жер сілкінісі

Айта кетейік, Алматыда бүгін, 4 наурызда сағат 11:22-де қатты жер сілкінді. Қалада дабыл қосылды.

ТЖМ өкілдері жер сілкінісінің қуаты 5 балл болғанын хабарлады.

Жерасты дүмпуінен кейін Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев жер сілкінісіне байланысты видеоүндеу жасап, халықты дүрлікпеуге шақырып, бірінші сілкіністен кейін не істеу керек екенін айтты.

Алматы, Алматы облысы, Жетісу облыстарында жедел желі телефондары жұмыс істейтіні хабарланды.

Бұған дейін Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев та Алматыдағы қатты жер сілкінісінен кейін афтершок болуы мүмкін екенін ескерткен еді.

Алматы қаласы ТЖД хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде Қазақстан аумағында орналасқан. Қазақстанның оңтүстік астанасында жер сілкінісі 5 балл болып сезілді. Жер сілкінісінен кейін қалада көлік кептелісі туындады.

Метро да жұмысын тоқтатты. Әкімдік жедел штабтың жұмысын жариялады.

Алматылықтарға жақын маңдағы қабылдау пунктін қалай табуға болатыны айтылды. Сейсмологтар алматылықтарды 16:00-ге дейін қоғамдық қабылдау пункттерінде болуға шақырды. Мектептердегі, колледждердегі және университеттердегі сабақтар тоқтатылды.

Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға үйіне қайтуға рұқсат берді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы мемлекет басшысына Алматыдағы жағдай туралы баяндады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2064540-kuster-saqadai-sai-boluga-tiis-zana-premer-almatydagy-zer-silkinisine-bailanysty-tapsyrma-berdi/