Істі болу, ажырасу: 2022 жылы шоу-бизнес әлемінде қандай шулы оқиғалар болды (фото, видео)
Жарияланған күні:
2022 жылы елді дүрбелеңге салып, тосын жаңалығымен шулатқан жұлдыздар кімдер? Өзгеге жұдырық жұмсап, істі болғандар жайлы ең шулы жаңалықтарды KAZ.NUR.KZ назарларыңызға ұсынады.
Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімованың "ажырасуы"
2022 жылдың наурызында қазақстандық хитмен Қайрат Нұртас пен жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова жұрт назарына ілікті. Әлеуметтік желі қолданушылары ерлі-зайыптылардың ажырасып кеткенін болжады.
Жыл басында Қайрат пен Жұлдыздың жанкүйерлері жұбайлардың бірге бой көрсетпей кеткені мен балаларымен бөлек уақыт өткізіп жүргенін байқаған.
Сонымен қатар, жұлдызды әулеттің жаңа сәбимен толығуына орай ұйымдастырылған көңілді отбасылық отырыста Әбдікәрімова көрінбеген.
Көпшіліктің мұндай күдігіне жұлдызды жүпқа қатысты тағы бір жайт себеп болды. Анықталғандай, жыл басында ерлі-зайыптылар әлеуметтік желіде бір-бірін өшіріп тастаған.
Алайда жұлдызды әулет бұл қауесеттерге қатысты пікір білдірген жоқ. Ал кейінірек Қайрат Нұртас пен жұбайы қайтадан бірге бой көрсете бастады.
Төреғали Төреәлінің гид жігітті соққыға жығып, істі болуы
2022 жылдың қыркүйегінде қазақ эстрадасының тағы бір жұлдызы Төреғали Төреәлінің басы дауға қалды. Өнер иесі Көлсайда жас жігітке қол көтерді деп айыпталды. Әлеуметтік желіде осы оқиғаға қатысты видео тарап кетті.
Сонымен бірге Алматы облысының полиция департаменті пікір білдірді.
"Тексеру шаралары басталды. Алматы облысы полиция департаменті басшысының тапсырмасы бойынша мән-жайды анықтау Кеген аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне жүктелді. Жүргізілген іс-шараларды Алматы облысының полиция департаменті бақылауға алады", - деген болатын полиция департаментінің басшысы.
Ескерту! Видеода бейәдеп сөздер кездеседі!
Кейін бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. 30 қыркүйекте әншінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ал арада бірнеше күн өткенде "Көлсай" ұлттық саябағының аумағында гидті соққыға жыққаны үшін айыпталған әнші Төреғали Төреәлі кепілдікпен босатылып шықты.
Осы соң әнші Төреғали Төреәлі гид жігітпен татуласқанын мәлім етті.
"Халықтың көз алдында өскен адам болғандықтан әр әрекетіміз көпшіліктің назарында болып тұр ғой. Әйтпесе, қай ер азамат шекіспей жатыр? Кімнің аузынан эмоцияға берілген артық сөз шықпай жатыр? Қай қуыста кім төбелеспей жатыр?
“Ер шекіспей, бекіспейді” деп Бекарыс бауырымызбен мәмілеге келдік. Қарапайым адамға да, өнер адамына да ортақ республикамыздың заңымен құзырлы органдардың тексерісінен өтіп, ресми бітімге келдік. Сүрінгенде сүйеу болған, түңілгенде тіреу болған алаш жұртына көп рахмет", - деп жазды Төреғали Төреәлі.
Мұрат Әбділдәнің түрмеге отыруы
Әлеуметтік желі арқылы танылған блогер Мұрат Әбділдә де 2022 жылы істі болып, бес жылға темір торға қамалды.
Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Мұрат Әбділдәнің істі болған және оған сот үкімімен тиісті жаза тағайындалған.
Ведомства мәліметінше, ол ішімдік ішіп, өзгенің ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Блогердің бұл әрекетінің видеосы желіде тараған. "Намысым тапталды" деген азамат полицейлерге өткен жылдың желтоқсан айында арыз түсіреді.
"Жинақталған іс-құжаттардың негізінде қылмыстық іс 2022 жылдың 31 қаңтарында айыптау актісімен бірге Сауран аудандық прокуратурасына жолданған. Қоғамда алауыздық тудыратын әрекеттерін қоймай, өзгенің ар-намысына тиген орта жас шамасындағы тұрғынға 31 наурызда Түркістан қалалық сотының үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деді Түркістан облыстық полиция департаменті.
Блогерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың істі болуы
2022 жылдың ақпанында отандық танымал блогерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді. Алматының тергеу соты оларға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Осыдан кейін Алматы полициясы қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты іс бойынша ақпарат берді.
Полиция департаменті бастығының орынбасарының сөзінше, қылмыстық іс "ASTEX.KZ" ЖШС мен "ACD Technology" ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты қаржы пирамидасын құру және оны басқару фактісі бойынша бір топ азаматтың шағымы негізінде тіркелген.
"Анықталғандай, 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажет болуы мүмкін қаражатты тарту бойынша бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқан. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әрбір салымшыға салған сомасының 20 пайызын төлеп отыруға тиіс болған. "ASTEX.KZ" ЖШС-не 162 салымшыдан 2 млрд теңгеден астам қаражат басқа компания – "Mudarabah Capital" ЖШС арқылы түскен", - делінді полицияның хабарламасында.
Ал арада біраз уақыт өткенде Алматыда қаржы пирамидасы ісі бойынша вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты сот процесі басталды. Желтоқсан айында осы іске қатысты алғашқы сот отырысы өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2002749-isti-bolu-azyrasu-2022-zyly-sou-biznes-aleminde-qandai-suly-oqigalar-boldy-foto-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.