"Есеп айырысатын кез келді": депутаттар "Арселор Миттал Теміртау" басшылығын жазалауды талап етті
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаттары, Amanat партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Құдайберген Бексұлтанов "Арселор Миттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасындағы апатқа қатысты бірлескен мәлімдеме жасады. Олар компания басшылығын қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Депутаттардың айтуынша, көмір шахталарындағы жабдықтардың жай-күйі, сондай-ақ өндірісте еңбек ететін жұмысшылардың бей-берекет қысқартылуы осындай қайғылы оқиғаның орын алуына себеп болып отыр.
"Бұған дейін Amanat партиясының депутаттары қаражат үнемдеп, отандастарымыздың өліміне әкеп соқтырарлық шешім қабылдайтын компанияның топ-менеджментін – шетелдік азаматтарын қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен еді.
Бірнеше ескертуге қарамастан, трансұлттық компанияның басшысы, Миттал мырза отандастарымыз апатқа ұшырамауы, жарақаттанбауы және қаза таппауы үшін тиісті шара қабылдауға мүлдем тырыспады.
Біз бұл сөзімізді үкіметке қарата айтып отырмыз: есеп айырысатын кез келді – Миттал мырзамен жолымыз бір емес! Онымен қоштасатын уақыт келді!", – делінген мәлімдемеде.
Бұл ретте халық қалаулылары Бас прокурорға жүгініп, "Арселор Миттал Теміртау" АҚ басшылығын жауапқа тартуды талап етті.
"Қазақстан шахтасындағы апат"
Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді.
Өрт кезде жер астында 227 адам болғаны, олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, бесеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды.
Кейін іздестіріліп жатқан бес жұмысшының бірінің денесі табылғаны хабарланды.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының мәліметінше, ол 57 жастағы электрик Виталий Владимирович Слюнков. Марқұмның еңбек өтілі – 39 жыл.
18 тамызда АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай "Қазақстан" шахтасында төтенше жағдай кезінде қаза тапқан тағы бір жұмысшының денесі табылғанын хабарлады.
Сондай-ақ өрттен зардап шеккендердің саны 13 адамға дейін өскені, Мақажанов атындағы ауруханаға зардап шеккен тоғыз кеншінің жеткізілгені айтылды.
Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.
Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032963-esep-aiyrysatyn-kez-keldi-deputattar-arselor-mittal-temirtau-bassylygyn-zazalaudy-talap-etti/