Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өз беттерімен жүруге тырысқан": "Қазақстан" шахтасындағы апатқа қатысты тың деректер айтылды

Опубликовано:

шахтердің құрал-сайманы
Шахтердің құрал-сайманы. Көрнекі фото: Adam88xx/Getty Images

17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенген болатын. Қазіргі уақытта екі кенші іздестірілуде, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Төтенше жағдай кезінде жер астында болған 222 адам жер бетіне шығарылса, бесеуі қою түтіннен шыға алмай қалған.

Арна мәліметінше, өрт ошағы 700 метр тереңдікте болғандықтан түтінге толы жер асты жолдарынан оларды табу қиынға соғып жатыр. Ал қашып шыққанмен, түрлі жарақат алып үлгерген 13 кенші дәрігерлердің бақылауында. Жағдайлары қалыпты.

"КТК" арнасының мәліметінше, жер астында қалған екі кеншінің туыстары кешелі бері шахтаны жағалап жүр. Олар туғандарының аман шығатынына сенгісі-ақ келеді. Бірақ үміттен күдік басым.

Ал Кенші Григорий Блатов қаза тапқан әріптестерінің жерлеу рәсімін ұйымдастырып жүр. Қайғыдан қан жұтып жүрген ол өзінің еңбектегі ұстазы Виктор Бургунды жер қойнына тапсырады.

"Ол маған жақында зейнетке шығам, менің орнымды басасың деуші еді. Өзінің білгенін үйретуден жалықпайтын. Өрт болғанда олар сыртқа шығатын жерді таппай қалды деп ойлаймын. Қара түнек болды ғой", - деді кенші Григорий Блатов.

Арна мәліметінше, Қазақстан шахтасында 1500-ден аса адам еңбек етеді. Апат күнгі кезекте жер астында 227 адам болған. Көмір тасымалдайтын конвеерлік лентада от тұтана салысымен эвакуациалау басталған. Бірақ 5 адам шықпай қалды. Олардың екеуі кеше табылса, бүгін түске жақын үшінші кеншінің денесі жер бетіне шығарылды.

"Олардың денелері өздері жұмыс істеп жатқан жерден табылды. Біраз уақыт олар өз беттерімен жүруге тырысқан. Кейін тоқтап, сол жерде отырып көмектің келуін күткенге ұқсайды. Неге өздері шықпады, әлде оларға дер кезінде көмек келмеді дегенге жауап: құтқарушылар олар отырған жерге өрт салдарынан жете алған жоқ. Қою қара түтін мен қатты ыстық оған мүмкіндік бермеді", - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин.

Арна мәліметінше, өртенген 1 жарым шақырымдық конвеерлік лента жақында ғана жаңартылыпты. Компнияя өкілдері барлық шахтада жаңарту үшін осындай 30 шақырым болатын лента алып қойғандарын айтады.

"Жабдықтау дирекциясы тек сертификатталған фирмалармен жұмыс істейді. Ленталар Ресей мен Украинада шығарылған. Отқа төзімді. Бірақ бір тұтанса бой бермей кетеді. Жер астында қалған 5 кеншінің екеуі позициялау жүйесін тексеріп жүрген слесарь еді. Олар отқа тұтанған жерге жақын маңда жұмыс істеп жүрген", - деді "Арселор Миттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай.

"Қазақстан" шахтасындағы апат

Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді.

Өрт кезде жер астында 227 адам болғаны, олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, бесеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды.

Кейін іздестіріліп жатқан бес жұмысшының бірінің денесі табылғаны хабарланды.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының мәліметінше, ол 57 жастағы электрик Виталий Владимирович Слюнков. Марқұмның еңбек өтілі – 39 жыл.

18 тамызда АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай "Қазақстан" шахтасында төтенше жағдай кезінде қаза тапқан тағы бір жұмысшының денесі табылғанын хабарлады.

Сондай-ақ өрттен зардап шеккендердің саны 13 адамға дейін өскені, Мақажанов атындағы ауруханаға зардап шеккен тоғыз кеншінің жеткізілгені айтылды.

Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.

Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033116-oz-betterimen-zuruge-tyrysqan-qazaqstan-saxtasyndagy-ortke-qatysty-tyn-derekter-aityldy/

pixel