Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан" шахтасындағы апат: Қарағанды облысының әкімдігі өңір тұрғындарына үндеу жасады

Жарияланған күні:

қолына каска ұстаған жұмысшы
Каска. Көрнекі фото: pixabay.com

Қарағанды облысы "Қазақстан" шахтасындағы апатқа байланысты биыл өңірде Шахтер күніне арналған салтанатты шаралар өтпейді. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі ресми сайтында хабарлады.

"Қазақстан" шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты Шахтер күніне арналған барлық салтанатты іс-шара тоқтатылады", - делінген хабарламада.

"Қазақстан" шахтасындағы апат

Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді.

Өрт кезде жер астында 227 адам болғаны, олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, бесеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды.

Кейін іздестіріліп жатқан бес жұмысшының барлығының денесі табылды. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ олардың толық тізімін жариялады.

Сондай-ақ өрттен зардап шеккен 13 адамның жағдайы белгілі болды.

Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.

Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.

19 тамызда үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағанды облысына барып, апат салдарынан қаза тапқан шахтерлардың жақындарымен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілердің халін сұрады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 22 тамыз 8.00-дегі жағдай бойынша "Қазақстан" шахтасында жағдай әлі жақсармаған. Авариялық қазбадағы өрт ошақтары әлі де жанып жатыр. Өрттің таралуына жол бермеу үшін жұмыстар жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033538-qazaqstan-saxtasyndagy-apat-qaragandyda-biyl-saxter-kunine-arnalgan-saltanatty-saralar-otpeidi/