Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлихан Смайылов "Қазақстан" шахтасындағы апат туралы: Жауапты тұлғалардың барлығы жазаланады

Опубликовано:

Марқұм болған кеншілердің жақындарымен кездесуде
Марқұм болған кеншілердің жақындарымен кездесуде. Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлардың жақындарымен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.

Үкімет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында Әлихан Смайылов қаза тапқан кеншілердің отбасыларының қайғысына ортақтасып, көңіл айтқан.

"Сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақпыз", — деді премьер-министр.

Сондай-ақ үкімет басшысы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шахтадағы апаттың себептерін егжей-тегжейлі зерттейтін арнайы комиссия құрылғанын атап өткен.

"Жауапты тұлғалардың барлығы тиісті түрде жазаланады. Былтыр да осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, қайғылы оқиға қайталанып отыр, қажетті көлемде қаражат бөлінбеуде.

Сондықтан қазір бұл компанияның иесі бойынша қандай шара қабылданады деген сұрақ қойылды. Өткен қайғылы оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары аяқталу үстінде. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады деп күтілуде. Бұл істі соңына дейін жеткіземіз", — дейді премьер-министр.

кеншілердің жақындары
Кеншілердің жақындары. Фото: primeminister.kz

Кездесу барысында қаза тапқандардың барлығының отбасына мемлекет пен жұмыс беруші қажетті қолдау көрсететіні атап өтілген. Атап айтқанда:

  • Республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін жәрдемақы және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған.
  • Қаза тапқандардың отбасына жұмыс беруші кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде моральдық зиян үшін біржолғы өтемақы төлеп, сондай-ақ жерлеу және еске алу шараларын өткізу шығындарын өтейтін болады.
  • Тұрғын үй болмаған жағдайда Қарағанды облысында пәтер беріледі, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орнында тегін оқыту қамтамасыз етіледі.
  • Компания отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру және ипотекалық несиелерді өтеу бойынша шаралар қабылдайды.

Осы міндеттемелердің барлығын орындау "АрселорМиттал Теміртау" АҚ меншік иесі ауысқан жағдайда да жалғасатын болып белгіленген.

Әлихан Смайылов марқұм болған кеншілердің жақындарымен кездесуде
Әлихан Смайылов марқұм болған кеншілердің жақындарымен кездесуде. Фото: primeminister.kz

Премьер-министр атап өткендей, қазіргі уақытта "АрселорМиттал Теміртауда" халықаралық компанияларды тарта отырып, экологиялық аудит және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудиті аяқталуда. Олар қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде, нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданады.

Сонымен қатар кездесу барысында кеншілер үшін зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі көтерілген. Әлихан Смайылов қазіргі уақытта шахтерларға ертерек – 55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқанын атап өткен.

Сондай-ақ премьер-министр Қарағандыдағы профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханасындағы зардап шеккен кеншілерге барған.

Әлихан Смайылов зардап шеккен кеншілердің жағдайын білу үшін ауруханаға барды
Әлихан Смайылов зардап шеккен кеншілердің жағдайын білу үшін ауруханаға барды. Фото: primeminister.kz

"Тезірек сауығып, отбасыларыңызға оралыңыздар", — дейді Әлихан Смайылов.

Зардап шеккен кеншілермен кездесуде кәсіпорын шахтерларға еңбекке жарамсыздық кезеңінде орташа еңбекақының 100 пайыз мөлшерінде төлем жүргізетіні, дәрілік заттардың шығынын төлейтіні, санаторий-курорттық ем алуға мүмкіндік жасайтыны және моральдық зиян өтелетіні атап өтілген.

Әлихан Смайылов зардап шеккен кеншінің халін сұрауда
Әлихан Смайылов зардап шеккен кеншінің халін сұрауда. Фото: primeminister.kz

"Қазақстан" шахтасындағы апат

Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді.

Өрт кезде жер астында 227 адам болғаны, олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, бесеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды.

Кейін іздестіріліп жатқан бес жұмысшының бірінің денесі табылғаны хабарланды.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының мәліметінше, ол 57 жастағы электрик Виталий Владимирович Слюнков. Марқұмның еңбек өтілі – 39 жыл.

18 тамызда АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай "Қазақстан" шахтасында төтенше жағдай кезінде қаза тапқан тағы бір жұмысшының денесі табылғанын хабарлады. Сол күні үшінші жұмысшының денесі табылды.

Сондай-ақ өрттен зардап шеккен 13 адамның жағдайы белгілі болды.

Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.

Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.

Бүгін үкімет басшысы Әлихан Смайылов апат болған Қарағанды облысына барды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033140-qazaqstan-saxtasyndagy-apat-alixan-smaiylov-qaza-tapqan-kensilerdin-zaqyndarymen-kezdesip-zardap-sekkenderdin-xalin-surady/

pixel