Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бишімбаев пен Нүкенованың жазысқан хаттары табылды (фото)

Опубликовано:

Салтанат Нүкенова
Салтанат Нүкенова. Фото: Instagram/aitym

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан әйелі Салтанат Нүкенова туралы оның жақындары сұхбат берді. "Еуразия бірінші" арнасындағы "Көреміз" бағдарламасында ерлі-зайыптының арасында болған хат алмасу да жарияланды.

Бағдарламада айтылған мәліметке сүйенсек, Салтанат Нүкенова отбасындағы кикілжің туралы құрбылары мен анасына айтқан. Туыстарының сөзінше, олар шаңырақ көтерген соң алты айдан кейін Бишімбаев келіншегін жиі ренжітетінді шығарған. Салтанат Нүкенова биыл жазда үйіне де кетіп қалған.

"Павлодарға келгенде, күйеуімен ұрысып жүргенін, тіпті соңы төбелеске ұласқанын айтты. Қол көтергенін де жасырмады. Арада махаббат бола тұра бір-бірімен үйлеспейтін жағдай болады екен ғой деп айтты", - дейді құрбысы Линара Смағұлова.

Салтанаттың кіндік шешесі Мәрзия Оспанованың айтуынша, анасы қызының қиналғанын көріп, үйіне қайтуын сұрапты. Алайда Бишімбаев жалынып, оны райынан қайтарып алған.

"Жазда үйіне барғанда ата-анасына күйеуімен қарым-қатынасы қиын екенін айтыпты. Ата-анасы "үйде қал" деді. Бірақ Бишімбаев оның артынан қалмай, қайтарып алды. Көндіруді жақсы біледі. Салтанат өте мейірімді, жанашыр қыз. Оны аяп қайта барды. Психологпен де жұмыс істеді", - дейді кіндік шешесі Мәрзия Оспанова.

Бишімбаев пен Нүкенованың алмасқан хатынан скриншот
Бишімбаев пен Нүкенованың алмасқан хатынан скриншот. Фото: "Көреміз" бағдарламасы

Сонымен қатар бағдарламада Бишімбаев пен Нүкенованың арасындағы мына хат жарияланды: "Салта кетпеші, қалшы. Мені күтші, бәрін шешеміз", - деп жазған Бишімбаев.

"Мен жолдамын. Енді бәрі кеш", - деп жауап қайтарған Салтанат.

"Қайтшы, өтінемін қашпашы менен. Мен сені өте қатты жақсы көремін. Түзетем. Арамызды бұзбашы, бәрін өткереміз", - деп жазған күйеуі.

Бағдарлама тілшілерінің мәліметінше, бұл хат алмасу қазан айында болған. Бишімбаев Салтанаттан кетпеуін өтініп, түзелуге серт берген...

Марқұмның жақындарының айтуынша, Салтанаттың денесінде сау жері қалмаған.

Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

10 қарашада Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтінде түсірілді деген сурет желіде тарады. Сондай-ақ экс-министрдің әйелі Салтанат Нүкенова Павлодар қаласы экс-әкімінің жиені екені расталған болатын.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек, Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.

Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.

Қарашаның 15-інде мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова зорлық-зомбылық туралы заң жобасын шұғыл түрде мәжіліске енгізуді талап етті.

Ал қарашаның 26-сында Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы санкцияланған митинг өтіп, оған қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы да қатысқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2049682-bisimbaev-pen-nukenovanyn-zazysqan-xattary-tabyldy-foto/

pixel