Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2023 жылы еліміздің білім беру саласында болған елеулі өзгерістер: жыл қорытындысы

Опубликовано:

Кітапқа қарап отырған мектеп оқушылары
Мектеп оқушылары. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

2023 жылы елімізде білім беру, ғылым және ағарту саласында бірқатар өзгерістер болды. Бұл салада биыл нақты қандай өзгерістер болғанын сараптап, KAZ.NUR.KZ тілшісі шолу жасады.

Жаңа министр және 25 мамырға қатысты дау

Биылғы жыл оқу-ағарту министрлігіне жаңа басшының келуімен басталды. 2023 жылғы қаңтар айының басында мемлекет басшысының жарлығымен Ғани Бектайұлы Бейсембаев еліміздің оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалды.

Ғани Бейсембаев
Ғани Бейсембаев. Фото: t.me/oqu_agartu

Биыл біраз дау тудырған мәселе – оқу жылы мерзімінің ұзаруы. 2023 жылы мектеп оқушылары 31 мамырға дейін оқыды. Соңғы қоңырау кеші 4-сынып, 9-сынып, 11-сынып оқушылары үшін 1 маусымда соғылды. Қалған сыныптар ашық сабақпен оқу жылын аяқтады. Алайда тамыз конференциясында келесі жылы оқу жылының мерзімін қайтадан 25 мамырда аяқтау туралы шешім шығарылды. Премьер-министрдің орынбасары, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2023-2024 оқу жылында 36 апталық оқу мерзімі 34 апталық оқу мерзіміне ауыстырылып, оқушылар қайтадан 25 мамырға дейін оқитынын мәлімдеді.

Мектепке дейінгі тәрбие бағытында не өзгерді?

Биыл 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтарының жалақысын 30 пайызға көтерілді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 97 мыңнан астам педагогтің жалақысы 2,5 есе өсті.

Балабақша бөлмесі
Балабақша бөлмесі. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Министрлік өкілдерінің айтуынша, мектепке дейінгі тәрбие саласындағы басым бағыттың бірі – қазақ тілінде тәрбиелейтін балабақшалар желісін кеңейту. Мұндай мектепке дейінгі ұйымдар саны олардың жалпы санынан алғанда 66,9 пайызды құрады, бала контингенті – 743 мың. Жыл басынан бері 30,1 мың орындық 330 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылған.

2024 жылдан бастап елімізде балаларды балабақшаға кезекке қою үшін Бірыңғай деректер базасы іске қосылатын белгілі болды. Бұл туралы үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа тиісті цифрлық шешімдер таныстырылған кеңесте мәлім етті.

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы елдегі мектеп тапшылығын қаншалықты шешеді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында білім беру саласына қатысты қандай өзгерістер болатынын айтқан еді. Сол кезде мемлекет басшысы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын бастауды тапсырды.

"Орта білімнің сапасы - табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек", - деген еді мемлекет басшысы.

Мектеп оқушылары
Мектеп оқушылары. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Осылайша, 2023 жылдан бастап өңірлерде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл жобаның аясында 369 мектеп салынады. Бұл туралы премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова 2023 жылғы 11 қазанда өткен парламент мәжілісінің пленарлық отырысында атап өтті.

Премьер-министрдің орынбасарының мәлімдеуінше, қазіргі мектептерде 2029 жылға дейін жыл сайын 1 мыңға жуық заманауи робототехника, химия, биология, физика және STEM кабинеті ашылады. Сондай-ақ ол мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білікті мамандарды мектепке тарту үшін педагогтердің жалақысы екі есе өскенін айтты.

"Жалпы білім беру саласына бөлінетін бюджет қаржысы 5 жыл ішінде 2 еседен астам көбейді. Яғни, 2018 жылғы 1,9 трлн теңгеден 2022 жылы 4,5 трлн теңгеге артты", - деді Тамара Дүйсенова.

Биыл мұғалімдердің жалақысы қанша пайызға өсті?

2023 жылғы қаңтардан бастап педагогтердің, балабақша тәрбиешілерінің және басқа да білім саласы қызметкерлерінің жалақысы тағы да 30 пайызға өсті. Қазақстанда мұғалімдердің жалақысы төрт жылда 100 пайызға өсті.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, еліміз мектептерінде 350 мыңнан астам педагог еңбек етеді, оның ішінде 220 мыңнан астам педагогке аттестация қорытындысы бойынша тағайындалған біліктілік санаты үшін жалақысына үстеме ақы төленеді.

Мұғалім мен оқушы
Мұғалім мен оқушы. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Министрлік мәліметінше, биыл педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу де алып тасталды. Мұғалім тек өзі сабақ беретін пән бойынша ғана тестілеуден өтеді. Педагог-зерттеуші мен шебердің біліктілік санатын растау да жойылды. Тек ұлттық платформа арқылы бақыланатын болады.

ҰБТ-да қандай өзгеріс?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылы ҰБТ-да болатын болатын өзгерістер туралы айтты. Саясат Нұрбектың айтуынша, 2024 жылғы ҰБТ-да бірқатар өзгеріс болады. Мысалы, тест сұрақтарының саны өзгереді, сондай-ақ бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады.

"Бұл туралы толығырақ айта кетсем. ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни, үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады", - деген еді министр.

Тізімді қарап жатқан жастар
ҰБТ нәтижесін қарап тұрған жастар. Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

Еліміздегі кәсіптік және жоғары білім беру саласында қандай жаңалық болды

Елімізде колледждерде гранттар саны артты. Биылғы оқу жылына мемлекеттік тапсырыс қосымша республикалық бюджеттен 50 мың орынға ұлғайтылып, барлығы колледждерге 130 мыңнан астам жас студент тегін қабылданды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды қамту, сондай-ақ NEET санатындағы жастар санын қысқарту мақсатында 9 және 11-сыныптар базасында оқуға түсушілерді тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100 пайыз қамту шаралары қабылданды. Биылдан бастап жоғары сынып оқушыларына жұмыс біліктілігін беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Оқушы колледж базасында кәсіптік даярлаудан өтсе, жалпы білім беретін пәндерді дәстүрлі түрде мектеп базасында игеретін болады. Жоба нәтижесінде 11-сынып бітірген оқушы мектеп аттестатымен қатар колледж дипломын алып еңбек нарығына шыға алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері өсті.

Көрнекі
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Үкімет қаулысында белгіленген шәкіртақы мөлшері төмендегідей:

  • докторанттарға (оның ішінде "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша) – 217 500 теңге;
  • даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 579 теңге;
  • магистранттарға – 97 024 теңге;
  • интерндерге – 75 890 теңге;
  • жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық және "Денсаулық сақтау" бағыттары бойынша білім алатын студенттерге – 67 200 теңге;
  • даярлаудың педагогикалық бағыттары және "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 41 898 теңге;
  • техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32 681 теңге;
  • техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге – 31 422 теңге.

Сонымен қатар жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру және инновациялық білім беру технологияларын елімізге әкелу үшін биыл шетелдің 5 жетекші жоғары оқу орнының филиалдары ашылды.

Оқушылардың тегін тамақтануы, орта мектептердегі күзет мәселесі

Биылғы 1 қыркүйектен бастап еліміз бойынша 1,6 милионнан астам барлық бастауыш сынып оқушысы және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасы балалары мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз етілді.

мектеп асханасындағы оқушылар
Мектеп асханасындағы оқушылар. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Еске салайық, 13 ақпанда Петропавлдағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы балтамен шабуылдап, үш баланың денесіне зақым келтірген болатын. Осы оқиғадан кейін Қазақстандағы мектептерде қаупісіздік шаралары күшейтіліп, арнайы күзет қою мәселесі көтерілді.

Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметі бойынша, 700-ден астам контингенті бар білім беру ұйымдарының 98 пайызы лицензияланған күзет агенттіктерімен шарт жасасқан. Білім беру ұйымдарының 98 пайыз Жедел басқару орталығына қосылған. Дабыл түймелерімен ұйымдардың 98 пайызы жабдықталған. Турникеттер ұйымдардың 97 пайызында қойылған. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік көрсеткіштері Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілген, бұл күнделікті мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жемқорлардан тәркіленген ақшаға жаңа мектептер салына бастады

Премьер-министр Әлихан Смайылов биыл елімізде 130 мың балаға арналған тағы 146 мектеп ашу жоспарланғанын, оның ішінде 70-ке жуық мектеп сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынатынын мәлімдеген болатын.

Кейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әр өңірде Қазақстанда жемқорлардан алынған 120 млрд теңгеге мектептер салынатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев №96 мектепте
Қасым-Жомарт Тоқаев №96 мектепте. Фото: t.me/aqorda_resmi

Желтоқсан айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназияны аралап көрді. 1466 оқушы білім алып жатқан мектеп роботты техника кабинеттерімен жабдықталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2051998-2023-zyly-elimizdin-bilim-beru-salasynda-oryn-algan-eleuli-ozgerister-zyl-qorytyndysy/

pixel