"Шахтадағы апат, Бишімбаев ісі": 2023 жылы Қазақстан халқы ең көп талқылаған оқиғалар
Жарияланған күні:
Биыл қазақстандықтар түрлі оқиғаның куәсі болды. 2023 жыл аяқталар тұста KAZ.NUR.KZ тілшісі елімізде ең көп талқыланған маңызды оқиғаларға шолу жасады.
Семей орманындағы өрт
Биыл Қазақстанда екі рет аза тұту күні жарияланды. Оған себеп болған оқиғалардың бірі – 8 маусымда Абай облысы "Семей орманы" табиғи резерватындағы ірі өрт. Апат 14 орманшының өмірін қиды.
8 маусым түс ауа "Семей орманы" резерватына қарасты "Батпаев" орман шаруашылығында 0,3 гектар аумақта ағаш жанғаны белгілі болды. Кейін өрт күшейіп, басқа да учаскелерге ойысқан. Семейде жергілікті табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының 14 қызметкері қаза тапты. Мерт болған орманшылардың ең үлкені 63 жаста болса, ең кішісі тамыз айында 25 жасқа толар еді. 11 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, өрттен қаза тапқан марқұмдардың жақындарымен тілдесіп, олардан кешірім сұрады. Сондай-ақ өрттің алдын алуда шарасыздық танытқан Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қызметінен босатты. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жарияланды.
12 маусымда ірі орман өрті салдарынан қаза тапқандарды аза тұту күні жарияланды.
85 мың теңгеге өмір сүру
Тамыз айында журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевқа кітапханашылардың жалақысын мысалға келтіріп, 85 мың теңге өмір сүруге жете ме деп сұрақ қойған еді. Вице-министрдің жауабы қоғамда қызу талқыланды.
"85 мың теңгеге, әрине, өмір сүруге болады. Бірақ әр салада еңбекақының мөлшері өсуі керек. Біз қазір осы әдіспен айналысып жатырмыз", - деп жауап берді Олжас Ордабаев.
Кейін вице-министр бұл жауабына кеңірек тоқталып, онымен не айтқысы келгенін түсіндірді.
"Мен қазақстандықтар 85 мың теңгеге өмір сүруі керек деп айтқан жоқпын. Әрине, олай емес. Бұл мемлекет белгілейтін ең төменгі кепілдендірілген деңгей және жұмыс беруші жалақыны одан төмен қоя алмайды. Қазір еңбек нарығында біліктілікке, білімге, дағдыларға байланысты жоғары жалақы бар екені түсінікті. Егер біз тек еңбек нарығына шығатын жас қызметкерлер туралы айтатын болсақ, мұнда Еңбек министрлігі жұмыспен қамтудың белсенді шараларын ұсынады", - деді Олжас Ордабаев.
Костенко шахтасындағы апат
Биыл ел есінде қалған ең ауыр қайғылы оқиғалардың бірі - Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында 28 қазанда болған жарылыс. Апат салдарынан 46 адам қайтыс болды.
Бас прокуратураның алдын ала қорытындыларына сәйкес, жарылыс бастапқыда № 48К3-батыс лава көмір өндіру учаскесінде К2 астындағы көмір қабатынан шығатын метан-ауа қоспасының орналасуынан болған.
Апат кезінде шахтада 252 адам жүрген, олардың 205-і жер бетіне шығарылды. ТЖ министрі Сырым Шәріпханов іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын ала болжам бойынша қаза тапқан 46-адамның дене бөлшектері табылғанын мәлімдеді.
Шахтадағы өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бабы бойынша іс қозғалды.
2023 жылы 29 қазанда Қазақстанда екінші рет Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті
Биыл 14 қарашада Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Бес бірдей нәресте еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған бес бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанғанын хабарланды. Олар Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Нәрестелердің үшеуі ұл, екеуі қыз бала.
Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың қазасы
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың қазасы қоғамды дүр сілкіндірді.
9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар экс-министр Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. Астана қаласы полиция департаментінің өкілдері 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел қаза тапқанын айтты. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов ұсталған адам Қуандық Бишімбаев екенін растады.
Сондай-ақ Салтанат Нүкенова Павлодар қаласы экс-әкімінің жиені екені расталған болатын. 12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.
Қайрат Боранбаевтың бостандыққа шығуы
Биыл қарашада мемлекеттік мүлікті ысырап ету ісі бойынша сотталған қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты.
Оның бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырылды. Кәсіпкер пробация қызметінің бақылауында болады. Бұған дейін сот үкімімен Қайрат Боранбаев мемлекеттік мүлікті жымқыруға жәрдемдескені үшін мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына, 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
20 қазанда оның жазасы жеңілдетілгені белгілі болды. Сот жазаны ауыстыру кезінде мынадай мән-жайларды ескерген: сотталған адам заңда белгіленген жаза мерзімінің 1/3 бөлігін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтеген; кінәлі мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеді, тергеумен белсенді жұмыс істеді және істеген ісіне өкінеді; қамауда болған кезеңде ол оң қасиеттерімен сипатталды.
13 адам қаза болған хостелдегі өрт
30 қарашада таңертең Алматы орталығындағы хостелдердің бірінде өрт шығып, 13 адам қаза болды. Алдын ала ақпаратқа қарағанда, олар газдан уланып өлген.
Өрт кезінде хостелде 72 адам болған, 59-ы өз бетімен сыртқа шыққан. Арасында шетел азаматтары да болған.
Алматы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, хостелде өрт сөндіру құралдары болмаған, алайда сигнализация ойнаған. Оқиғаға байланысты "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Хостелдегі өртке байланысты үкіметтік комиссия құрылды.
"АрселлорМиттал Теміртау" жаңа инвесторға өтті
Костенко шахтасында 46 кеншінің өмірін жалмаған жарылыстан кейін президент үкіметке "АрселлорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Орнына отандық инвестор келеді деп айтылды.
8 желтоқсанда "АМТ-ның" жаңа акционері белгілі болды. Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жаңа инвестор "Allur" компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев екенін мәлім етті.
"Айка тізімі"
Биыл желтоқсанда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде элиталық эскорт қызметін ұсынатын әйелдер мен олардың клиенттері туралы деректер жазылды делінген "Айка тізімі" таралды. "Тізімде" танымал жұлдыздар, кәсіпкерлер, ірі қаржы құрылымдарының қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің аты-жөні бар. Ішкі істер министрлігі желіде тараған тізімнің қалай пайда болғанына қатысты қызметтік тексеру жүргізіп жатқанын айтты.
Назарбаевтың жаңа кітабы
Желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа" деп аталатын жаңа кітабы сатылымға түсті. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шықты. Онда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өмір жолы, екінші жары мен балалары, сонымен қатар елдің қалыптасуы және даму кезеңдері туралы естеліктерін жазған.
Алматыдағы автобус апаты
22 желтоқсанда Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып өтті. Кейін қалалық ПД өкілдері оқиғаның жай-жапсарын айтты. Оқиғадан 7 адам зардап шеккен, олардың үшеуі жедел жәрдем келгенше оқиға орнында қаза болған. Төрт адам ауруханаға жатқызылған. Автобус рөлінде отырған жүргізуші әйелді ұрған жолаушыға қатысты екі бап бойынша іс тіркелді. Жүргізушіге шабуыл жасады деген күдікті 2 айға қамауға алынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052699-saxtadagy-apat-bisimbaev-isi-2023-zyly-qazaqstan-xalqy-en-kop-talqylagan-oqigalar/