Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Майқайыңалтын" кенішіне түсіп кеткен автобус апаты: құтқарушының әйелі президентке үндеу жасады

Опубликовано:

"Майқайыңалтын" АҚ-ға қарасты кен орны
"Майқайыңалтын" АҚ-ға қарасты кен орны. Фото: gov.kz

Құтқарушы Айдос Шаймерденнің жұбайы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видео-үндеу жасады – ол іздеу жұмыстарына өзге елдерден мамандар мен техника тартуын сұрады, деп хабарлайды KTK арнасы.

Телеарна ақпараты бойынша, Павлодар облысындағы "Майқайыңалтын" кенішіне түсіп кеткен автобусты іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанына 19 күн болды.

Автобус ішінде болған екі адамның жағдайы белгісіз.

Осыған байланысты қайғылы оқиға кезінде автобус ішінде болған құтқару қызметінің жедел алдын алу жұмыстары жөніндегі взвод командирінің орынбасары Айдос Шаймерденнің жұбайы іздестіру жұмыстарына көңілі толмағанын айтып, президентке үндеу жолдады.

"Артында кәмелетке толмаған, тіпті аузынан сүті кеппеген бес балам әкесін еңіреп күтіп отыр. Алланың құдыреті шексіз ғой, мүмкін олар тірі шығар. Мүмкін дәл қазір көмектеріңіз қажет шығар. Біз 18 күн қайғыдан қан жұтып отырмыз", - деді Нұрсұлу Шаймерден.

Нұрсұлудың айтуынша, жүргізіліп жатқан іздеу-құтқару жұмыстары әлі нәтижесіз. Ол мемлекет басшысынан кеніштегі құтқару операциясын өз бақылауына алуын сұрады. Видео-үндеуінде қажет болған жағдайда өзге мемлекеттен көмек, техника сұрады.

Дереккөз: KTK

Карьерге құлаған автобус оқиғасы

Еске салайық, Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні Майқайың кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді. Олардың денесі жер бетіне шығарылды.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, автобуста 4 адам болған - Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі.

5 қаңтарда Асайын Байханов оқиға орнынан видео жариялады.

Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады. Кейін Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті автобус құлап кеткен "Майқайыңналтын" АҚ аумағында жүргізіліп жатқан іздеу-құтқару жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Кейін Павлодар облысындағы автобус құлап кеткен "Майқайыңалтын" АҚ аумағына қазуға арналған техника жеткізілгенін жазған едік.

Қаңтардың 15-і Павлодар облысында адамдар мінген автобустың жер астына құлаған сәті түсірілген видео пайда болды.

Ал 17-сі мәжілістің жалпы отырысында AMANAT фракциясының депутаты Амантай Жарқынбек "Майқайыңалтын" АҚ-ға қарасты шахтада болған апатқа қатысты мәселе көтерген болатын.

Сондай-ақ 18 қаңтарда "Майқайыңалтын" шахтасына құлап кеткен құтқарушының әкесі жанайқайын айтқаны туралы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056932-maiqaiynaltyn-kenisine-tusip-ketken-avtobus-apaty-qutqarusynyn-aieli-prezidentke-undeu-zasady/

pixel