Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аса құпия түрде өтті": Нүкенованың ағасы Салтанат пен Бишімбаевтың үйлену тойы туралы айтты

Опубликовано:

Салтанат Нүкенова
Салтанат Нүкенова. Фото: Instagram/aitym

Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Айыпталушылар орындығында – Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжанов, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сот отырысында жәбірленуші тарап Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Бишімбаевпен үйлену тойына қатысты ақпараттар айтты.

Ағасы Салтанаттың құдалық, сырға салу ұзату тойы 2022 жылы қараша айында болғанын айтты. Айтбек Амангелді Қуандықтың сол кездегі өзін-өзі ұстауы да біртүрлі болғанын, оған ештеңе қызық еместей кейіп танытқанын байқағанын жеткізді.

"Қуандық қоғам назарына түскенді қаламады, тіпті Салтанатпен үйлену тойы да аса құпия түрде өтті, фотоға, видеоға түсіруге рұқсат етілмеді. Ғимараттағы барлық камераның беті жабылып, орамалмен оралып тұрды. Ол тойды көпшілік білгенін қаламады. Бәрінен бұрын сол мазалады", – дейді Айтбек Амангелді.

Еске салсақ, бүгін екінші сот отырысында марқұмның ағасы Айтбек Амангелді Салтанат пен Бишімбаевтың қалай танысқанын айтты. Сонымен қатар Айтбек өзі куә болған Қуандық пен Салтанаттың бірнеше рет жанжалын баяндап берді.

Бұдан бөлек, Айтбек Амангелді Салтанаттың беті көгергені түсірілген фотоларын көрсетті. Қарындасы суреттерді ағасына жіберіп, сақтап қоюды сұраған. Айтуынша, бұл оқиға 2023 жылғы наурыз айында болды.

Айта кетейік, 27 наурыздағы сот отырысында Қуандық Бишімбаев прокурордың айыптау актісін жариялағаннан кейін тағы да өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ прокурор Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні не жағдай болғанын баяндады.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.

Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2075397-asa-qupiya-turde-otti-nukenovanyn-agasy-saltanat-pen-bisimbaevtyn-uilenu-toiy-turaly-aitty/

pixel