"Мен сенің ойыншығың емеспін": Нүкенова Бишімбаевқа қандай хат жазған
Жарияланған күні:
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында прокурор Салтанат Нүкенованың жеке жазбасын оқып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жазбада Нүкенова Бишімбаевты сүйетінін, бірақ ақталудан шаршағанын, сонда да бар күшін салатынын айтқан.
"Сәлем, жаным, мен де фотоға қарап отырмын, жүрегім ауырады. Мен сені сүйемін. Мен үшін жасаған және жасап жатқан істеріңді, еңбегіңді бағалаймын, тырысып жүргеніңді көріп жүрмін. Бірақ ұрыс-керістен, ұдайы махаббатымды дәлелдеуден, ақталудан шаршадым.
Бұл өмір емес. Мен сенің ойыншығың емеспін, үнемі қуа беретін, бір нәрсені бірнеше рет қайталай беретін балаң емеспін. Егер байқамаған болсаң, мен ақымақ емеспін, өзім білетін, меңгерген істі қалай істеу керек екенін 24/7 тыңдағым келмейді.
Әр ұрыс-керістен кейін бірнеше күн бойы өз-өзіме келумен боламын, сонан соң өз жұмысыммен айналысып, сені күлімдеп қарсы алуым керек болады, шаршадым деп көр.
Махаббат пен неке бақыт әкелуі үшін оның іргетасы сенім мен сыйластықтан қалануы керек, әйтпесе күш салудың қажеті қанша? Бәрі картадан жасалған үй сияқты опырылып түседі. Ақымақтарға ұқсап бір-бірімізбен алыспай, бір-бірімізге тіреу болуды үйренуіміз керек.
Екеуміздің қарым-қатынасымыз жайлы көп әңгімелесетін, бір-бірімізді түсенетін сияқты едік, соған қарамастан ұдайы тису мен ұрыс-керістен күйзеліп кетемін. Екеуміздің арамызда болған жанжалдарды ауыр қабылдаймын деп айтқанмын, содан жүйкем сыр бере бастады, бірақ мен сені сүйемін, сондықтан өз тарапымнан өз-өзімді қолға алуға, сенің өтінішіңнің бәрін орындауға тырысамын, өйткені маған сенің тыныштығың мен бақытты болғаның маңызды", - делінген Салтанат Нүкенованың жазбасында.
Бұл жазба хабарлама емес екенін ескертеміз. Айыпталушы бұл хатпен таныс болмағанға ұқсайды.
Айта кетейік, Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Айыпталушылар – күйеуі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжанов.
3 сәуірде өткен сот отырысында Бишімбаев Нүкенова қайтыс болған күні не жағдай болғанын, жанжал неден шыққанын баяндап берді.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.
Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2078783-men-senin-oiynsygyn-emespin-sotta-nukenovanyn-bisimbaevqa-zazgan-xatyn-oqyp-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.