Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бишімбаев Нүкенованың мейрамханадан кетуіне неге жол бермегені туралы сұраққа жауап берді

Опубликовано:

Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев мейрамханада.
Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев мейрамханада. Видеодан кадр: youtube.com/ҚР Жоғарғы соты

Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасуда. Айыпталушы орындығында ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туыс інісі Бақытжан Байжанов отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бүгінгі сот отырсында жәбірленуші тараптың адвокаты Бишімбаевтан сол түні марқұм Салтанат Нүкенованың BAU мейрамханасынан кетуіне неге жол бермегенін сұрады.

"Не себепті Салтанатқа мекемеден кетуге жол бермедіңіз? Видеода оның түрі аянышты екенін және сол жерден кеткісі келіп тұрғанын көруге болады. Әлде, менікі дұрыс емес пе?", - деді адвокат.

Айыпталушы Нүкенованың екі ойлы болғанын алға тартты.

"Қателесесіз, бұл жерден кеткісі келген адам, кетеді. Шығып, таксиге отырады. Ол екі ойлы болды, осы жерде қала ма, жоқ кете ме өзі де білмеді. Ол қызғаныштан мені ызаландыру үшін осылай істеген болуы мүмкін", - деп жауап берді Бишімбаев.

Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары оның қойын дәптеріне Нүкенова жазған "қолхатты" оқыды. Бишімбаевты қорғаушылардың бұл айғағы судьяны таңғалдырды.

Сондай-ақ сотта Бишімбаев жедел жәрдем шақырмай, неліктен көріпкелге хабарласқаны, Нүкенованы мейрамханада шашынан сүйрегені туралы сұрақтарға да жауап берді.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.

Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2080925-ketkisi-kelgen-adam-ketetin-edi-bisimbaev-nukenovanyn-meiramxanadan-ketuine-nege-mursat-bermegeni-turaly-suraqqa-zauap-berdi/

pixel