Бозымбаев: Ұлытау облысында шахтадағы апаттың себебі 10 күнде анықталуға тиіс
Жарияланған күні:

Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ұлытау облысындағы кеніштегі апаттың себептерін тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия жұмысын 10 күн ішінде аяқтауға тиіс екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Үкіметтің Telegram-дағы арнасының хабарлауынша, бүгін Қанат Бозымбаев премьер-министрге Үкіметтік комиссия апаттың себептерін тергеу бойынша жұмысты бастағаны, тиісті сараптамалар жүргізілетінін баяндады.
Алдын ала мәліметтер бойынша шахтада табиғи газ жарылған.
Комиссия басшысы мен мүшелері апат болған жерді қарап, қаза тапқандардың отбасымен кездесу өткізген.
"Қазір шахтада жұмыс тоқтатылды. Екі арнайы комиссия құрылды: біреуі апаттың себептерін анықтауы керек, екіншісі қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын анықтайды. Комиссиялар өз жұмысын 10 күн ішінде аяқтауға тиіс.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қолдау шаралары көрсетіледі", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ "Қазақмыс" ұжымдық шартқа сәйкес көмек көрсетеді, оның ішінде жерлеуді ұйымдастыру, жылдық орташа жалақының 10 еселенген төлемі, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан қызметкерлердің несиелері мен қарыздарын өтеу бойынша көмек түрлері бар.
Бұдан басқа қолданыстағы заңнама аясында кеншілер отбасына бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындалады, сондай-ақ жерлеуге төлемдер берілетін болады.
Жалпы тергеу нәтижелері комиссия жұмысының қорытындысы бойынша ұсынылатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы "Жомарт" кен орнында тау-кен массасы опырылып, жеті жұмысшы төтенше жағдай аймағында қалған болатын.
Оқиға орнына дереу Ұлытау және Қарағанды облыстары ТЖД күштері мен құралдары, оның ішінде кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері мен Қазақстан ТЖМ психологтары жіберілді.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жеті жұмысшының денесі табылып, жер бетіне шығарылды. Марқұмдардың денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Шахтада болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ апаттың алдын ала себебі айтылды.
Бұдан бөлек, шахтаның опырылу себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысындағы кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, мемлекеттік органдарға тапсырма берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2221952-bozymbaev-ulytau-oblysynda-shahtadagy-apattyng-sebebi-10-kunde-anyqtaluga-tiis/