Зектілері

"Жұмысына жан-тәнімен берілген еді": шахтадағы апатта көз жұмған жұмысшының жесірі көз жасын тыя алмады

Жарияланған күні:

Марқұм Константин Рожковтың жұбайы
Марқұм Константин Рожковтың жұбайы. Кадр видеодан: КТК

Ұлытау облысындағы "Жомарт" кен орнында мерт болған кеншілердің денесі туғандарына берілді. Олар ертең жерленеді. Апат кезінде шахта үйіндісінің астында қалған жұмысшының жары жұбайы туралы айтып берді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

33 жастағы Константин Рожковтың жесірі жерлеу рәсіміне дайындалып жатыр. Марқұм жеті жылдан бері кеніште электрослесарь болып жұмыс істеген. 14 ақпанда Қарағандыдан Ұлытау облысына вахтасына кеткен ол кеше табытта оралды. Аленаның айтуынша, ол жарылыс ошағына жақын жүрген. Сондықтан оның денесі ең соңынан табылды. Оның бет-аузы күйіп, аяқ-қолы сынып кеткен. Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалды.  

"Ол жұмысына жан-тәнімен берілген еді. Қосымша жұмысқа қажет құрал-сайманға тапсырыс беріп сатып алатын. Жұмысында да бар ғой, бірақ ол өзі де қызығып, вахтаға әртүрлі құрылғы алып кететін. Оның құрал-сайманға жасаған соңғы тапсырысы бүгін келді. Бірақ енді қолдана алмайды", - деп есіне алады Константиннің жұбайы Алена Рожкова.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы "Жомарт" кен орнында тау-кен массасы опырылып, жеті жұмысшы төтенше жағдай аймағында қалған болатын.

Оқиға орнына дереу Ұлытау және Қарағанды облыстары ТЖД күштері мен құралдары, оның ішінде кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері мен Қазақстан ТЖМ психологтары жіберілді.

Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жеті жұмысшының денесі табылып, жер бетіне шығарылды. Марқұмдардың денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Шахтада болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ апаттың алдын ала себебі айтылды.

Бұдан бөлек, шахтаның опырылу себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысындағы кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, мемлекеттік органдарға тапсырма берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2222190-zhumysyna-zhan-tanimen-berilgen-edi-shahtadagy-apatta-koz-zhumgan-zhumysshynyng-zhesiri-koz-zhasyn-tyia-almady/