Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Крокус Сити Холл" қожайыны терактіге қатысты алғаш рет пікір білдірді

Опубликовано:

Араз Агаларов
Араз Агаларов. Фото: instagram.com/agalarovaras

"Крокус Сити Холл" қожайыны Араз Агаларов терактіге байланысты алғаш рет пікір білдірді. Ол төтенше жағдай орнына ұлы Эмин және филиал директоры Роман Грачевпен бірге келді, деп хабарлайды РБК.

"Өте қайғылы жайт болды. Бұған дейін соңғы 20 жылда осыған ұқсас ештеңе болмағаны туралы айтылған", – деді Араз Агаларов.

Оның айтуынша, лаңкестер ғимарат залына кіреберіс есігінен емес, көршілес орналасқан көрме орталығының терезесінен кірген.

"Автомат іле әкелген. Олар көзіне түскендердің барлығына оқ жаудыра бастады – адамдар мен күзетшілердің барлығына. Бір күзетші қаза тапты, екіншісі жараланды. Олар тіпті күзетші де емес. Біз оларды "бақылаушы" деп атаймыз", – деді "Крокус Сити Холл" иесі.

Оның пікірінше, қайғылы оқиға жалпы адамзат құндылықтары тұрғысынан мүлдем түсініксіз болған.

Бұл ретте "Крокус Сити Холл" концерт залына иелік ететін ресейлік "Крокус Интернешнл" компаниясы ресми Telegram арнасында жүздеген адамның өмірін қиған терактіге қатысты пікір білдіріп, қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.

"Біз күллі Ресеймен бірге қайтыс болғандарды жоқтаймыз және бұл жантүршігерлік қайғылы оқиға салдарынан зардап шеккендер тезірек сауығып кететініне үміттенеміз.

Мұндай қиын күндерде біз билік пен арнайы қызмет өкілдерінің ауыр жұмысына, сондай-ақ ел болып лаңкестік әрекеттен зардап шеккендерге көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз әрі аянбаймыз", – делінген компания хабарламасында.

Компания өкілдері лаңкестердің құрбаны болғандар ешқашан ұмыт қалмайтынын айтты.

"Олардың (лаңкестердің – ред.) былғанған қолымен жойылған нәрсе қайта қалпына келтіріледі", – деп хабарлады "Крокус Интернешнл".

Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холлда" болған теракт

22 наурызда Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" концерт залында белгісіз біреулер атыс шығарғаны туралы ақпарат тарады. Концерт залының ғимаратында "Пикник" тобының концерті өтуі керек болған. Алайда ғимаратқа белгісіз біреулер кіріп келіп, атыс шығарған. Артынша ғимаратта өрт шығып, куәгерлер оқиғаның видеосын жариялаған. Оқиға орнында жарылыс болғаны да хабарланды.

Ресейдің Тергеу комитеті атыстан 115 адам қаза тапқанын, құрбандар саны артуы мүмкін екенін мәлім етті.

Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметі басшысы Александр Бортников Владимир Путинге ғимаратына террорлық шабуыл жасаған 11 адамның, оның ішінде Крокус-Сити Холлдағы терактіге тікелей қатысы бар төрт террористің де ұсталғаны туралы баяндады.

Қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтып, терактіні мүлдем ақтауға болмайтынын мәлімдеді.

23 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі лаңкестік оқиғаға байланысты қабылданатын шаралар туралы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізді.

Кейін Владимир Путин қайғылы оқиғадан кейін ресейліктерге видеоүндеу жасады. Ресейде 24 наурыз ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2072727-krokus-siti-xoll-qozaiyny-teraktige-qatysty-algas-ret-pikir-bildirdi/

pixel