Ақтауда ұшақ апатынан аман қалған жолаушы тосыннан келіп отбасын қуантпақ болған
Жарияланған күні:
Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағында аман қалған жолаушылардың бірі Грозныйға ұшып барып, отбасына тосынсый жасамақ болған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Известия" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өзін Біләл деп таныстырған жолаушының туысы оның қазіргі жағдайының тұрақты екенін айтты. Әзербайжанда жұмыс бабымен жүрген ол туған үйіне күтпеген жерден келіп, жақындарын қуантуды жоспарлаған.
"Оның үйге қайтып келе жатқанын мен және ағамнан басқа ешкім білмеді. Ол отбасына тосын сый жасамақ еді, бірақ бәрі осылай аяқталды," - деді Біләл.
Апаттан аман қалған жолаушы қазір отбасы мүшелерімен байланысқа шығып үлгерген. Біләлдің айтуынша, жақындары ең бастысы оның аман қалғанына шексіз қуанышты.
Еске салсақ, бүгін, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Маңғыстау облысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызтан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.
Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.
Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.
Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.
Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.
АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2205021-aqtauda-ushaq-apatynan-aman-qalgan-zholaushy-tosynnan-kelip-otbasyn-quantpaq-bolgan/