"Қазақстан" шахтасындағы апат: шахта астындағы оттегі көлемі бес-ақ сағатқа жететіндей болған
Жарияланған күні:
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай брифингте "Қазақстан" шахтасындағы апат туралы тың дерек айтты. Айтуынша, шахта астындағы оттегі көлемі бес-ақ сағатқа жететіндей болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Түтінді атмосферада ауа қоры болды, бірақ оның көлемі шахтерлардың әрекетіне байланысты. Техникалық сипаттамаларға сәйкес, ондағы ауа мөлшері жүрсе – бір сағатқа, отырса – 5 сағатқа жететіндей еді", - дейді Сергей Огай.
Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин өрттің неден шыққан дәл қазір дөп басып айту қиын екенін атап өтті.
"Өрттің себебі – қазір мұнымен айналысатын мүмкіндік жоқ. Бірінші кезекте адамдарды тауып, құтқаруымыз керек, екінші кезеңде, тексеруді бастау үшін - өртті өшіруіміз керек. Сондықтан, бірдеңе деп айту қиын", - дейді ол.
Жалпы, аталған "Қазақстан" шахтасында тексеріс соңғы рет былтыр қараша-желтоқсан айларында жүргізілген. Ол кезде 168 заңбұзушылық анықталып, заңды тұлғаға айыппұл салынған.
Сонымен қатар спикерлер АМТ басшылығының кінәсін сот анықтайтынын жеткізді.
"Қазақстан" шахтасындағы апат
Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді.
Өрт кезде жер астында 227 адам болғаны, олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, бесеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды.
Кейін іздестіріліп жатқан бес жұмысшының бірінің денесі табылғаны хабарланды.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының мәліметінше, ол 57 жастағы электрик Виталий Владимирович Слюнков. Марқұмның еңбек өтілі – 39 жыл.
18 тамызда АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай "Қазақстан" шахтасында төтенше жағдай кезінде қаза тапқан тағы бір жұмысшының денесі табылғанын хабарлады.
Сондай-ақ өрттен зардап шеккендердің саны 13 адамға дейін өскені, Мақажанов атындағы ауруханаға зардап шеккен тоғыз кеншінің жеткізілгені айтылды.
Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.
Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033031-qazaqstan-saxtasyndagy-apat-saxta-astyndagy-ottegi-kolemi-bes-aq-sagatqa-zetetindei-bolgan/