Бишімбаев неге қауіпті қылмыскер деп танылды: себебі айтылды
Жарияланған күні:
Читать на русскомСалтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Қуандық Бишімбаев неліктен қауіпті қылмыскер деп танылғаны сот отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында түсіндірілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Бүгін журналистер БАҚ өкілдерімен үйлестіруші-судья Сейфулла Тасымбетовқа бүгінгі үкім бойынша Қуандық Бишімбаевты қауіпті рецидивист деп атауға бола ма деген сұрақ қойды.
"Иә, қылмысты қайталауы мүмкін қылмыскер деп танылды, өйткені ол бұрын сотталған болып саналады, сондықтан қылмысты қайта жасау мүмкін", - деп жауап берді Тасымбетов.
Бүгін, 13 мамырда Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды, оның туыс інісі Бақытжан Байжановқа 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ бүгін сотта Бишімбаевтың мүлкіне қатысты шешім шығарылды.
Жазалау туралы шешім
Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағының санкциясында 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағының санкциясында 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қылмыстық кодекстің 432-бабының санкциясында 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сот Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес сотталушылар Бишімбаев пен Байжанов үшін кәмелетке толмаған балалардың болуын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Сот Қылмыстық кодекстің 14-бабының 2-бөлігінің 2-тармағының негізінде Бишімбаевтың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстардың қауіпті қайталануын, сондай-ақ мас күйінде қылмыстық құқық бұзушылықты жасауын таныды.
Айыптау қорытындысына сәйкес, Байжановтың қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Жаза мөлшері туралы мәселені судья мен алқабилер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 656-бабына сәйкес ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауысты ескере отырып шешті.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және қылмыс туралы хабарламады деген күдікпен ұсталды.
Қайғылы оқиға жайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. Ол Нүкенованың өліміне қатысты істі ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
11-12 наурызда Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Сот залына журналистерді кіргізбеді, баспасөз өкілдері сот отырысын көрші бөлмеден теледидар арқылы бақылап отырды.
Алдын ала тыңдаудың бірінші күні прокурор Салтанат Нүкенова қаза болған күні не жағдай болғанын айтты. Бишімбаев тағылған айып түсінікті екенін, бірақ кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол істің алқабилердің қатысуымен қаралғанын қалайтынын жеткізді.
Ал оның адвокаты заң бұзушылықтарды жою үшін істі прокурорға қайтаруды сұрады. Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың адвокаттарының өтінішін қанағаттандырмады.
Дегенмен судья Бишімбаевтың сот отырысын алқабилердің қатысуымен өткізу туралы өтінішін қанағаттандырды.
Осылайша, алқабилер іріктеліп, 27 наурызда Қуандық Бишімбаев пен оның туыс інісіне қатысты басты сот отырысы басталған болатын.
Алайда Бишімбаев аса қатыгездікпен кісі өлтіру бабы бойынша кінәсін мойындамайтынын тағы да мәлімдеді.
Сонымен қатар сот тергеуі кезінде сот-медициналық сарапшы Тахир Халиманазаров сараптама қорытындысын оқып, Салтанаттың қалай көз жұмған болуы мүмкін екенін айтты. Одан бөлек іске қатысты басқа да куәгерлерден жауап алынды.
22 сәуірдегі сот отырысына ресейлік танымал журналист Ксения Собчак келді. Кейін ол сот процесі туралы репортаж жариялады.
29 сәуірде мемлекеттік айыптаушы Бақытжан Байжановтан қылмыс туралы хабарламады деген айыпты алып, тек қылмысты жасырды деген айыпты қалдыру туралы сотқа өтініш берді. Ал 2 мамырда судья Байжановтан қылмыс туралы хабарламады деген айыпты алып тастады.
6 мамырда сотта соңғы сөзін айтқан Қуандық Бишімбаев кінәлі екенін, десе де Салтанат Нүкенованы қасақана өлтірмегенін айтты. Сондай-ақ ол Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.
Соңғы сөзін айтқан Бақытжан Байжанов та марқұмның жақындарынан кешірім сұрады. Одан бөлек, Байжанов Салтанаттың жылы жүзді, шынайы адам болғанын айтып, кез келген жазаға мойынсұнатынын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2099885-bishimbaev-ne-ushin-qauipti-qylmysker-dep-tanyldy-sebebi-aityldy/