Ақтау маңындағы ұшақ апаты: қаза тапқан қазақстандықтар туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Кеше Ақтау маңында ұшақ апатынан алты қазақстандық қаза тапты, оның ішінде 11 жасар бала бар. Қайтыс болған қазақстандықтар туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ шолуында.
Бұған дейін Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың есімдерін жариялаған болатын.
Қайтыс болғандардың арасында Қазақстанның алты азаматы, оның ішінде бір бала. Ұшақ апатынан қаза тапқан Қазақстан азаматтары:
- Төлесінов Сәндібек Екібайұлы – 1988 жылы 16 қарашада Маңғыстау облысында туған, Жаңаөзен қаласында тұрған;
- Жұмағұлов Бауыржан Жұмабайұлы – 1985 жылы 30 қыркүйекте Маңғыстау облысында туған, Жаңаөзен қаласында тұрған;
- Махсудова Галина Растамбекқызы – 1978 жылы 12 қаңтарда Маңғыстау облысында туған, Ақтау қаласында тұрған;
- Шаймерденова Гаухар Жұмағатқызы – 1975 жылы 17 шілдеде Алматы қаласында туған, Астана қаласында тұрған;
- Гауһар Шаймерденованың ұлы – Жұмағат Эльдар, 23.08.2013 жылы туған, Астана қаласында тұрған;
- Джутаева Салима Аманжолқызы – 1995 жылы 21 ақпанда Қостанай облысында туған, Қарағанды қаласында тұрған.
Бұған дейін тележүргізуші Санди Сұлтан Ақтау түбінде ұшақ апатынан қаза тапқан құрбысы Гауһар Шаймерденова туралы жазба қалдырған болатын. Қайғылы оқиғада қаза тапқан қазақстандықтардың тізімінде Гауһар Шаймерденова мен оның ұлы Елдардың есімі бар. Гауһар ұлымен бірге Астанада тұрған.
Тележүргізуші Динара Сәтжан да астаналық нотариус Гауһар Шаймерденова туралы жазба қалдырды.
"Мен Астана қаласы нотариаттық палатасының төрағасы Әйгерім Әйкешеваға хабарластым, оның айтуынша, олар өткен жексенбіде корпоративтік кеште бірге болған. Гауһар өзінің кіші ұлымен бірге Грозныйдағы отбасылық достарына жаңа жыл тойлауға бара жатқанын айтқан", - деді Сәтжан оқиға мән-жайын анықтап.
Кеше таңертең олар Бакуге, одан әрі Грозныйға ұшты, өйткені Астанадан тікелей рейстер жоқ. Австралиядан оқудан енді келген Гауһардың үлкен ұлы Астанада қалды, ал Гауһардың анасы қайғылы оқиғадан әлі бейхабар.
Бұрынғы күйеуі Гауһар көмекшісімен бірге қаза тапқандардың мәйітін алып кету үшін Ақтауға ұшып кеткен.
Кеше Ақтауда болған ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі – 29 жасар қостанайлық белгілі тіс дәрігері Сәлима Джутаева. Сәлиманың өлімі қостанайлық медицина қауымы мен оның отбасы мен достарының қабырғасын қайыстырды. Оны көрген-білгендердің барлығы оның қазасына қайғырып, әлеуметтік желіде отбасы мен жақындарына көңіл айтуда.
Ақтау түбіндегі ұшақ апатынан қаза тапқандар тізімінде мұнайшылар Бауыржан Жұмағұлов пен Сәндібек Төлесіновтің есімдері жазылған. Бауыржан Жұмағұловтың өмірі 39 жасында үзілді. Ол "ӨзенМұнайСервис" мекемесінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келген.
Сәндібек Төлесінов – Маңғыстау облысының тумасы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны. "Өзенмұнайгаз" – "МұнайФилдСервис" ЖШС-інде инженер болып жұмыс істеген. Мұнай саласында 16 жылдан астам еңбек еткен.
Қаза тапқандардың арасында Маңғыстау облысының тумасы 46 жастағы Галина Махсудова да бар. БАҚ хабарлауынша, оның жеке киім дүкенін ұстаған.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызтан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.
Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.
Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.
Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.
Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.
АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда.
Сол күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, төтенше жағдай болған жерге барды. Көп ұзамай Қазақстан төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов оқиға орнына жетті. Сөйтіп үкімет жанынан құрылған комиссия Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады, сол ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Azerbaijan Airlines әуе апатының себептерін тергеу аяқталғанша Бакуден Грозный мен Махачкалаға ұшуды уақытша тоқтатады.
Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке орай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқтығы хабарланды.
Тергеу жұмыстары жалғасын тауып, оқиға орнына Әзербайжан құтқарушылары, ал елордадан санитариялық авиация борты келді.
Қайғалы апатқа байланысты брифинг барысында көлік министрі ұшақ экипажының бес мүшесінен үшеуі аман қалғанын хабарлады. Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан экипаждың үш емес, екі мүшесі аман қалғанын мәлімдеді.
Түн ортасында Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Олардың арасында бір бала бар.
Бүгін Әзербайжан астанасында мемлекеттік алаңдағы және басқа да ресми мекемелердегі ту түсіріліп, аза тұту күні жарияланғанын хабарлаған болатынбыз
Апаттың әрі қарай себеп-салдарын анықтау үшін, Қазақстан көлік министрлігінің мәлімдеуінше, Azerbaijan Airlines әуе компаниясының өкілдері Ақтауға келді, ал Embraer мамандары енді келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205471-aqtau-mangyndagy-ushaq-apaty-qaza-tapqan-qazaqstandyqtar-turaly-ne-bilemiz/