Тағы бір әлемдік басылым Ақтаудағы ұшақ апатының себебі ретінде ресейлік зымыранды атады
Жарияланған күні:
Anadolu Agency басылымы Euronews-пен бірге Әзербайжандағы дереккөздерден Ақтау маңындағы ұшақтың апатқа ұшырауы Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінен туындағаны туралы растау алды.
Басылымның айтуынша, Әзербайжанның жоғары лауазымды шенеуніктері журналистерге Әзірбайжан БАҚ-ының Azerbaijan airlines (AZAL) әуе компаниясының апатқа ұшырауы Грозный қаласына жақындаған кезде Ресейдің "Панцирь" зымыран кешенінің шабуылынан туындаған деген мәлімдемелердің дұрыстығын растады.
"Есепке сәйкес, Ресейдің электронды соғыс жүйелерін қолдануына байланысты ұшақтың байланыс жүйесі толығымен істемей, ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде болған кезде радардан жоғалып кетті. Радарларда Каспий теңізі аймағында болған кезде ғана пайда болды", - деп жазады басылым.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызтан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.
Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.
Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.
Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.
Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.
АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда.
Сол күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, төтенше жағдай болған жерге барды. Көп ұзамай Қазақстан төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов оқиға орнына жетті. Сөйтіп үкімет жанынан құрылған комиссия Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады, сол ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Azerbaijan Airlines әуе апатының себептерін тергеу аяқталғанша Бакуден Грозный мен Махачкалаға ұшуды уақытша тоқтатады.
Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке орай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқтығы хабарланды.
Тергеу жұмыстары жалғасын тауып, оқиға орнына Әзербайжан құтқарушылары, ал елордадан санитариялық авиация борты келді.
Қайғалы апатқа байланысты брифинг барысында көлік министрі ұшақ экипажының бес мүшесінен үшеуі аман қалғанын хабарлады. Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан экипаждың үш емес, екі мүшесі аман қалғанын мәлімдеді.
Түн ортасында Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Олардың арасында бір бала бар.
Бүгін Әзербайжан астанасында мемлекеттік алаңдағы және басқа да ресми мекемелердегі ту түсіріліп, аза тұту күні жарияланғанын хабарлаған болатынбыз
Апаттың әрі қарай себеп-салдарын анықтау үшін, Қазақстан көлік министрлігінің мәлімдеуінше, Azerbaijan Airlines әуе компаниясының өкілдері Ақтауға келді, ал Embraer мамандары енді келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205704-tagy-bir-alemdik-basylym-aqtaudagy-ushaq-apatynyng-sebebi-retinde-reseilik-zymyrandy-atady/