Top.Mail.Ru

Зектілері

"800 литр қан тапсырды": ДСМ басшысы ұшақ апатынан зардап шеккендерге қанша донор көмекке келгенін айтты

Жарияланған күні:

Читать на русском
Қан тапсырып жатқан донор
Донор. Көрнекі фото: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтау түбіндегі ұшақ апатынан зардап шеккендерге қан жинау жұмыстарының қорытындысын бөлісті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі басшысына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ақмарал Әлназарова Facebook-тегі жеке парақшасында жариялаған жазбасында екі күн ішінде республика бойынша қан орталықтарында 1,5 мыңнан астам адам 800 литр қан тапсырғанын атап өтті.

Оның мәліметінше, Ақтаудың өзінде донорлық пункттерге 490 адам келсе, Астанада – 600-ден астам адам, Шымкентте – 125, Ақтөбеде – 109, Жетісуда – 49, Қарағандыда – 40, ШҚО – 34 адам қан тапсырған және басқа өңірлерде де адамдар бұл апатқа бей-жай қарамаған.

"Ақтау маңындағы ұшақтың апатқа ұшырау трагедиясы біздің шұғыл қызметтеріміздің қаншалықты жедел, нақты жұмылдырылатынын көрсетті.

Апат болған жерге бірнеше минуттың ішінде келген жедел жәрдем бригадаларының үйлесімді және уақтылы іс-қимылының арқасында ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адамның өмірін сақтап қалды.

Бұдан әрі Ақтау қаласының облыстық ауруханасында зардап шеккендерді алған жарақаттарының ауырлығы мен сипаты бойынша білікті іріктеу жүргізілді.

Ауыр жарақаттары бар адамдарды емдеуге жатқызудың алғашқы сын сағаттарында дереу құрылғыларға қосу, дәл диагноз қою және қажетті дәрі-дәрмектерді тағайындау маңызды болды. Біздің дәрігерлер өмірдің әрбір минуты қымбат болған күрделі де қиын жағдайда жоғары кәсіби деңгейде бұл тапсырманы орындады.

Сондай-ақ, қарапайым адамдар, әртүрлі өңірлерден келген отандастарымыз да бей-жай қалмады, қиындыққа бірден жауап берді", - де жазды министр.

Ақтау маңындағы Embraer ұшағы апаты

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыртуы түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.

Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.

Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.

Көп ұзамай Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.

Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты..

АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.

Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.

Сол күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, апат болған жерге барды. Үкімет жанынан құрылған комиссия Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады, сол ауданда жергілікті төтенше жағдай жарияланды.

Azerbaijan Airlines әуе апатының себептерін тергеу аяқталғанша Бакуден Грозный мен Махачкалаға ұшуды уақытша тоқтатты.

Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.

Қайғалы апатқа байланысты брифинг барысында көлік министрі ұшақ экипажының бес мүшесінен үшеуі аман қалғанын хабарлады. Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан экипаждың үшеу емес, екі мүшесі ғана тірі қалғанын мәлімдеді.

Әзербайжан астанасында мемлекеттік алаңдағы және басқа да ресми мекемелердегі ту түсіріліп, аза тұту күні жарияланды.

26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.

Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206320-800-litrden-astam-dsm-basshysy-ushaq-apatynan-zardap-shekkenderge-qansha-donor-komekke-kelgenin-aitty/