"Бізге нұсқау беруден шаршамады": Ақтау маңында ұшақ апатынан аман қалған жолаушы бортсеріктің ерлігі туралы айтты
Жарияланған күні:
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалған Субхонкул Рахимов бортсерік Хокума Әлиеваның ерлігі жайлы ТАСС-қа берген сұқбатында айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ материалында.
Өмірінің соңына дейін жолаушыларды сабырға шақырып, тыныштандыруға тырысқан Embraer 190 ұшағының бортсерігі Хокума Әлиеваның ерлігі ел есінде қалды.
Апаттан аман қалған жолаушылардың бірі Субхонкул Рахимов борсеріктің жанкештігін, кәсібилігін ерекше атап өтті.
"Бортсерік…жағдайдың қиындығына қарамастан, барынша өзін кәсіби маман ретінде ұстап, бізге нұсқау беруден шаршамады. Өзі жасау керек міндеттің бәрін орындады…әйел бола тұра, бізді, ер адамдарды сабырға шақырды", - деп еске алды жолаушы.
Хокума Әлиева 1991 жылы Келбажар ауданының Сусуз ауылында дүниеге келген. Бакуде заңгер мамандығын игеріп, магистратура мен докторантураны аяқтаған.
Әкесі Modern.az сайтына берген сұқбатында қызының бұл рейсі оның стюардесса ретіндегі соңғы сапарларының бірі болуы керек болғанын айтты.
Ал қыздың анасы қызы Хокуманың AZAL компаниясында 2016 жылдан бері қызмет етіп келгенін жеткізді.
"Хокуманың қазасы туралы әкесі хабарлады. 6-сыныпқа дейін Ресейде оқыды, отанын сағынды, сондықтан елге оралды. Жоғарғы білім алып, заңгер атанды. Ол көпшіл, мейірімді болатын. Көп елде болды. "Мені мақтан тұтыңдар" деп жиі айтатын. Бір рет рейстен келгенде ұшақ құлай жаздағанын айтқан еді. Осы жолы шынымен апат болып, қызым аман қалмады", - деді Кямаля Әлиева.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызтан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.
Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.
Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.
Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.
Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.
АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда.
Сол күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, төтенше жағдай болған жерге барды. Көп ұзамай Қазақстан төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов оқиға орнына жетті. Сөйтіп үкімет жанынан құрылған комиссия Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады, сол ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Azerbaijan Airlines әуе апатының себептерін тергеу аяқталғанша Бакуден Грозный мен Махачкалаға ұшуды уақытша тоқтатады.
Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке орай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқтығы хабарланды.
Тергеу жұмыстары жалғасын тауып, оқиға орнына Әзербайжан құтқарушылары, ал елордадан санитариялық авиация борты келді.
Қайғалы апатқа байланысты брифинг барысында көлік министрі ұшақ экипажының бес мүшесінен үшеуі аман қалғанын хабарлады. Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан экипаждың үш емес, екі мүшесі аман қалғанын мәлімдеді.
Түн ортасында Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Олардың арасында бір бала бар.
Бүгін Әзербайжан астанасында мемлекеттік алаңдағы және басқа да ресми мекемелердегі ту түсіріліп, аза тұту күні жарияланғанын хабарлаған болатынбыз
Апаттың әрі қарай себеп-салдарын анықтау үшін, Қазақстан көлік министрлігінің мәлімдеуінше, Azerbaijan Airlines әуе компаниясының өкілдері Ақтауға келді, ал Embraer мамандары енді келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2205540-aqtau-mangynda-ushaq-apatynan-aman-qalgan-zholaushy-bortserikting-erligi-turaly-aitty/