Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан" шахтасындағы төтенше жағдай: үшінші кеншінің денесі табылды

Опубликовано:

Шахтер
Шахтер. Көрнекі фото: Getty Images/Burak Sür

Қарағанды облысындағы шахтада болған төтенше жағдайдан соң жоғалған үшінші адамның денесі табылды. Бұл туралы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы ресми сайтында хабарлады.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы ресми сайтының жазуынша, қазіргі уақытта анықтау жүргізілуде.

"Марқұмның әріптестері, компанияның бүкіл ұжымы мезгілсіз қайтыс болған жолдастың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады", - делінген хабарламада.

Компанияның хабарлауынша, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетуде.

Сондай-ақ компания мәліметінше, қызмет үстінде көз жұмған кеншілердің отбасына компания атынан мынадай көмек көрсетіледі:

  • жерлеуге байланысты шығындарды жабу;
  • қайтыс болған жұмысшылардың он жылдық жалақысы мөлшерінде отбасына біржолғы төлем;
  • 18 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайынғы сақтандыру төлемі (бала студент болса, 23 жасқа дейін);
  • 23 жасқа толмаған балалардың алғашқы күндізгі оқу нысанындағы оқуына және оған байланысты барлық шығыстарға ақы төлеу;
  • жоқ адамдарға тұрғын үй сатып алу немесе ол үшін біржолғы өтемақы;
  • қолданыстағы тұрғын үйді жөндеуге ақы төлеу;
  • ипотекалық төлемдердің белгілі бір бөлігін жабу;
  • серіктестік кәсіпорындарында әйелдер мен балаларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу;
  • әйелдер мен балаларға арналған санаторийлер мен балалар лагерлеріне жыл сайынғы жолдамалар.

"Қазақстан" шахтасындағы апат

Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді.

Өрт кезде жер астында 227 адам болғаны, олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, бесеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды.

Кейін іздестіріліп жатқан бес жұмысшының бірінің денесі табылғаны хабарланды.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының мәліметінше, ол 57 жастағы электрик Виталий Владимирович Слюнков. Марқұмның еңбек өтілі – 39 жыл.

18 тамызда АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай "Қазақстан" шахтасында төтенше жағдай кезінде қаза тапқан тағы бір жұмысшының денесі табылғанын хабарлады.

Сондай-ақ өрттен зардап шеккендердің саны 13 адамға дейін өскені, Мақажанов атындағы ауруханаға зардап шеккен тоғыз кеншінің жеткізілгені айтылды.

Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.

Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.

Сонымен қатар "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай брифингте "Қазақстан" шахтасындағы апат туралы тың дерек айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2033040-qazaqstan-saxtasyndagy-totense-zagdai-usinsi-kensinin-denesi-tabyldy/

pixel