Салтанат Нүкенова мен 5 жасар қыздың өлімі: Тоқаев істерді бақылауға алды
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура мен Жоғарғы сот басшылығына қатаң ескерту жасаған. Бұл туралы Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли сұхбатында айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"Мемлекет басшысы Түркістандағы бес жасар қыздың және Астанадағы Салтанат Нүкенованың резонанстық өлімін жеке бақылауына алып, құқық қорғау органдарына нақты міндеттер қойды.
Президент ішкі істер министрі Ержан Сәденовті, бас прокурор Берік Асыловты, Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу қажеттігін қатаң ескертті", - деді Берік Уәли сұхбатында.
Түркістан облысындағы 5 жасар қыздың өлімі
Еске салайық, биыл 13 шілдеде 5 жасар қызының жоғалып кеткені туралы арызбен Сарыағаш ауданының тұрғыны полицияға жүгінген болатын. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың денесін тапты.
Бұл факт Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Кісі өлтіру") бойынша тіркелген. Күдікті қамауға алынды. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғадан хабардар екені белгілі болды. Мемлекет басшысының баспасөз қызметі құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті. Күдікті анықталды.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ер адам бұрын 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал биыл ол денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектелген.
Салтанат Нүкенованың өлімі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
10 қарашада Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтінде түсірілді деген сурет желіде тарады. Сондай-ақ экс-министрдің әйелі Салтанат Нүкенова Павлодар қаласы экс-әкімінің жиені екені расталған болатын.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек, Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.
Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Қарашаның 15-інде мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова зорлық-зомбылық туралы заң жобасын шұғыл түрде мәжіліске енгізуді талап етті.
Ал қарашаның 26-сында Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы санкцияланған митинг өтіп, оған қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы да қатысқан болатын.
Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша бірден 12 сараптама тағайындалғанын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052931-saltanat-nukenova-men-5-zasar-qyzdyn-olimi-toqaev-isterdi-baqylauga-aldy/