Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Былай деп айт": Байжанов сотта Бишімбаев қысым көрсетіп жатқанын айтты

Жарияланған күні:

Байжанов пен Бишімбаев
Байжанов пен Бишімбаев. Фото: t.me/Jogargy_sot

Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Бүгін Қуандық Бишімбаев сотта жауап беруін жалғастырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Үзілістен кейін Байжановтың адвокаты сотталушылар Бишімбаев пен "Гастроорталықтың" директоры Байжановты бөлек отырғызуды сұрады.

"Айыпталушылар Байжанов пен Бишімбаевтың бөлек отыруын қамтамасыз етуге бола ма? Бишімбаевтың Байжановпен байланысуға мүмкіндігі болмауы үшін. Байжановтың қалауы осы. Олар қазір жанжалдасып қалған", - деді Байжановтың адвокаты.

"Ол маған айғақ беруге қатысты "былай деп айт, былай деп айт" деп қайта-қайта қысым жасап жатыр" , - деді Байжанов.

Сот бұл мәселені қарауды сұрады.

"Жақсы, бұл мәселені қарастырайық, техникалық жағынан екеуін бөлек отырғыза аламыз ба, соны ойластырайық", - деді судья.

Ал Бишімбаев Байжанов пен оның отбасынан осы іске қатысы жоқ құжаттарды қайтаруды сұрағанын айтып, одан басқа ештеңе керек емес екенін айтты.

Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі жалғасуда. Айыпталушылар – күйеуі Қуандық Бишімбаев пен ағасы.

Сотталушы Бишімбаев куәгерлігін жалғастырды. Ол Салтанат қайтыс болған күні не болғанын айтып берді.

Сондай-ақ ол Нүкенованың қайтыс болар алдында өзі құлап, біраз жарақат алғанын айтты.

Сонымен қатар, судья Айжан Құлбаева сотты адастыруға әрекеттенген Бишімбаевтың адвокаттарына шара қолданатынын айтты.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.

Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2078339-bylai-dep-ait-baizanov-sotta-bisimbaev-qysym-korsetip-zatqanyn-aitty/