Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі қашан шығатыны белгілі болды

Опубликовано:

Қуандық Бишімбаев сотта
Қуандық Бишімбаев сотта. Фото: t.me/Jogargy_sot

Астана сотында азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі оқылады. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Жоғарғы сот мәліметінше, 2024 жылы 13 мамырда сағат 17:00-де Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бишімбаев пен Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланады.

Айта кетейік, сот отырысынан кейін аталған сот процесінің аяқталуына арналған баспасөз-конференциясы өтеді.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және қылмыс туралы хабарламады деген күдікпен ұсталды.

Қайғылы оқиға жайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. Ол Нүкенованың өліміне қатысты істі ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

11-12 наурызда Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Сот залына журналистерді кіргізбеді, баспасөз өкілдері сот отырысын көрші бөлмеден теледидар арқылы бақылап отырды.

Алдын ала тыңдаудың бірінші күні прокурор Салтанат Нүкенова қаза болған күні не жағдай болғанын айтты. Бишімбаев тағылған айып түсінікті екенін, бірақ кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол істің алқабилердің қатысуымен қаралғанын қалайтынын жеткізді.

Ал оның адвокаты заң бұзушылықтарды жою үшін істі прокурорға қайтаруды сұрады. Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың адвокаттарының өтінішін қанағаттандырмады.

Дегенмен судья Бишімбаевтың сот отырысын алқабилердің қатысуымен өткізу туралы өтінішін қанағаттандырды.

Осылайша, алқабилер іріктеліп, 27 наурызда Қуандық Бишімбаев пен оның туыс інісіне қатысты басты сот отырысы басталған болатын.

Алайда Бишімбаев аса қатыгездікпен кісі өлтіру бабы бойынша кінәсін мойындамайтынын тағы да мәлімдеді.

Сонымен қатар сот тергеуі кезінде сот-медициналық сарапшы Тахир Халиманазаров сараптама қорытындысын оқып, Салтанаттың қалай көз жұмған болуы мүмкін екенін айтты. Одан бөлек іске қатысты басқа да куәгерлерден жауап алынды.

22 сәуірдегі сот отырысына ресейлік танымал журналист Ксения Собчак келді. Кейін ол сот процесі туралы репортаж жариялады.

29 сәуірде мемлекеттік айыптаушы Бақытжан Байжановтан қылмыс туралы хабарламады деген айыпты алып, тек қылмысты жасырды деген айыпты қалдыру туралы сотқа өтініш берді. Ал 2 мамырда судья Байжановтан қылмыс туралы хабарламады деген айыпты алып тастады.

6 мамырда сотта соңғы сөзін айтқан Қуандық Бишімбаев кінәлі екенін, десе де Салтанат Нүкенованы қасақана өлтірмегенін айтты. Сондай-ақ ол Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.

Соңғы сөзін айтқан Бақытжан Байжанов та марқұмның жақындарынан кешірім сұрады. Одан бөлек, Байжанов Салтанаттың жылы жүзді, шынайы адам болғанын айтып, кез келген жазаға мойынсұнатынын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2097917-quandyq-bishimbaev-pen-baqytzhan-baizhanovqa-qatysty-sot-ukimi-qashan-shygatyny-belgili-boldy/