"Ресми нұсқа жоқ": Бозымбаев Ақтаудағы ұшақ апатының себебі туралы айтты
Жарияланған күні:
Қазақстанның вице-министрі Қанат Бозымбаев Ақтау маңындағы ұшақ апатының себебі туралы сұрақтарға жауап беріп, оны тергеу көрсететінін тағы қайталап айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ақтау қаласында өткен брифинг барысында бірқатар журналист Бозымбаевқа ұшақ апатының себептері туралы сұрақ қойды. Вице-министр ешбір нұсқаны растай да, жоққа да шығара алмайтынын жеткізді.
"Ұшақ құспен соқтығысқан ба әлде ішінде жарылыс болды ма, ол қорытынды шыққанда ғана белгілі болады. Біз Әзербайжандағы әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Бізге әлі ешкім нақты нұсқасын айтқан жоқ, ресми түрде біз Ресейден де, Әзербайжаннан да ешқандай нұсқаны алған жоқпыз. Дәл қазір ресми нұсқа жоқ. Сондықтан біз қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмаймыз", - деді Қанат Бозымбаев.
Ақтау маңындағы ұшақ апаты
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.
Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.
Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.
Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.
Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.
АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда.
Сол күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, апат болған жерге барды. Көп ұзамай Қазақстан төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов оқиға орнына жетті. Сөйтіп үкімет жанынан құрылған комиссия Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады, сол ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Azerbaijan Airlines әуе апатының себептерін тергеу аяқталғанша Бакуден Грозный мен Махачкалаға ұшуды уақытша тоқтататты.
Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке орай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқтығы хабарланды.
Тергеу жұмыстары жалғасын тауып, оқиға орнына Әзербайжан құтқарушылары, ал елордадан санитариялық авиация борты келді.
Қайғалы апатқа байланысты брифинг барысында көлік министрі ұшақ экипажының бес мүшесінен үшеуі аман қалғанын хабарлады. Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан экипаждың үш емес, екі мүшесі ғана тірі қалғанын мәлімдеді.
Түн ортасында Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Олардың арасында бір бала бар.
Бүгін Әзербайжан астанасында мемлекеттік алаңдағы және басқа да ресми мекемелердегі ту түсіріліп, аза тұту күні жарияланғанын хабарлаған болатынбыз
Апаттың әрі қарай себеп-салдарын анықтау үшін, Қазақстан көлік министрлігінің мәлімдеуінше, Azerbaijan Airlines әуе компаниясының өкілдері Ақтауға келді, ал Embraer мамандары енді келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205696-resmi-nusqa-zhoq-bozymbaev-aqtaudagy-ushaq-apatynyng-sebebi-turaly-aitty/