Оқушылары жаппай уланған Алматыдағы РФММ-ге жаңа директор тағайындалды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бұған дейін оқушылары жаппай уланған Алматыдағы РФММ-ге жаңа директор тағайындалды. Бұл қызметке Алмаз Күнғожин келді, деп хабарлайды мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Республикалық физика-математика мектебінің Алматыдағы филиалына директор болып "Математика" мамандығы бойынша PhD докторы Алмаз Мұхамбетұлы Күнғожин тағайындалды. Ол бұған дейін осы РФММ-де білім алған.
Бұрынғы директор Мейірбек Мейірлан Едігерұлы бұл қызметтегі жұмысын аяқтады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ баспасөз қызметі Алмаз Күнғожиннің мектепті 2018-2023 жылдары да басқарғанын, бұдан бөлек, әр жылдары РФММ-де оқытушы, математикалық олимпиадаларға дайындайтын маман және бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары болғанын мәлімдеді.
2023 жылғы қыркүйектен бастап "РФММ" КЕАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған.
Алматыдағы оқушылардың жаппай улануы
Естеріңізге сала кетейік, 14 қазанда Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің ондаған оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскені туралы жазған едік. Бұдан кейін мектепте тексерулер басталды.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы кейінгі мәліметтер бойынша 48 оқушының ауруханаға жатқызылғанын, сондай-ақ тағы 6 баланың интернатта оқшауланып, медициналық бақылауда екенін нақтылады.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайдан кейін қандай шаралар қабылданғанын мәлімдеді.
Кейінірек полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
15 қазанда РФММ-нің Алматы филиалында ауруханаға жатқызылған оқушылар саны 55-ке жеткені белгілі болды. Ал 22 қазанда барлық пациенттің ауруханадан шығарылғаны хабарланды.
Бұдан бөлек, Алматы қалалық СЭБД РФММ-дегі тексеру барысында ішек таяқшасы мен стафилококк анықталғанын мәлімдеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2453885-oqushylary-zhappai-ulangan-almatydagy-rfmm-ge-zhanga-direktor-tagaiyndaldy/