Оқыс оқиға

Зектілері

"Салтанат қана емес": Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын еске алу ағашы пайда болады

Жарияланған күні:

Салтанат Нүкенова
Салтанат Нүкенова. Фото: Instagram/aitym

2 желтоқсанда Алматыда зорлық-зомбылық құрбандарының құрметіне арнайы шара өтеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Дағдарыс орталықтары одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Зүлфия Байсақованың айтуынша, бұл шара сағат 12:00-13:00 аралығында "Жібек Жолы" метро станциясында өтеді.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза болғандар ағашы" шарасы жыл сайын өтеді. Бірақ биыл Салтанат Нүкенованың оқиғасы елді дүрліктіргеннен оның құрметіне шара өткіземіз, бірақ шарамызды тек Салтанат емес, басқа да қаза болғандардың құрметіне орайластырып отырмыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтқанда, ең жаман құбылыс – туыстарының қолынан жақыныңнан айырылу.

Статистикадан мұндай жағдай азайып келе жатқанын байқап отырмыз, бірақ тым баяу. Бұрын 400 адам десек, қазіргі таңда 180 адам қаза тауып жатыр. Мұны біз біліп, хабардар болуымыз керек", - дейді спикер Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның сөзінше, метро станциясында өтетін акцияның мақсаты – адам өмірі құнды екенін айту, адам құқығының бұзылуы жақындарымыздың өліміне әкеп соғатынын ескерту.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, бұл шарада естелік ағашы болады. Оған жұрт лента байлау арқылы зорлық-зомбылыққа қарсылығы мен құрбандармен ниеттестігін білдіре алады.

"Бұл шарада буклеттер таратылып, мамандар (заңгерлер мен психологтар – авт. ескертпесі) консультация өткізеді", - дейді Зүлфия Байсақова.

Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын 25 қарашада гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы ақпараттандыру мен күрес шаралары өтеді. 16 күн бойында өтетін акцияда осы тақырыпта талқылаулар, сұхбаттар, баяндамалар жасалады. Елімізде бұл акция "Жақсылықтың күші бол" ұранымен өтеді.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және қылмыс туралы хабарламады деген күдікпен ұсталды. Қайғылы оқиға жайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. Ол Нүкенованың өліміне қатысты істі ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

11-12 наурызда Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Сот залына журналистерді кіргізбеді, баспасөз өкілдері сот отырысын көрші бөлмеден теледидар арқылы бақылап отырды.

Алдын ала тыңдаудың бірінші күні прокурор Салтанат Нүкенова қаза болған күні не жағдай болғанын айтты. Бишімбаев тағылған айып түсінікті екенін, бірақ кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол істің алқабилердің қатысуымен қаралғанын қалайтынын жеткізді. Ал оның адвокаты заңбұзушылықтарды жою үшін істі прокурорға қайтаруды сұрады. Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың адвокаттарының өтінішін қанағаттандырмады.

Дегенмен судья Бишімбаевтың сот отырысын алқабилердің қатысуымен өткізу туралы өтінішін қанағаттандырды. Осылайша, алқабилер іріктеліп, 27 наурызда Қуандық Бишімбаев пен оның туыс інісіне қатысты басты сот отырысы басталған болатын.

Алайда Бишімбаев аса қатыгездікпен кісі өлтіру бабы бойынша кінәсін мойындамайтынын тағы да мәлімдеді. Сонымен қатар сот тергеуі кезінде сот-медициналық сарапшы Тахир Халиманазаров сараптама қорытындысын оқып, Салтанаттың қалай көз жұмған болуы мүмкін екенін айтты. Одан бөлек іске қатысты басқа да куәгерлерден жауап алынды.

22 сәуірдегі сот отырысына ресейлік танымал журналист Ксения Собчак келді. Кейін ол сот процесі туралы репортаж жариялады.

29 сәуірде мемлекеттік айыптаушы Бақытжан Байжановтан қылмыс туралы хабарламады деген айыпты алып, тек қылмысты жасырды деген айыпты қалдыру туралы сотқа өтініш берді. Ал 2 мамырда судья Байжановтан қылмыс туралы хабарламады деген айыпты алып тастады.

6 мамырда сотта соңғы сөзін айтқан Қуандық Бишімбаев кінәлі екенін, десе де Салтанат Нүкенованы қасақана өлтірмегенін айтты. Сондай-ақ ол Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.

Соңғы сөзін айтқан Бақытжан Байжанов та марқұмның жақындарынан кешірім сұрады. Одан бөлек, Байжанов Салтанаттың жылы жүзді, шынайы адам болғанын айтып, кез келген жазаға мойынсұнатынын мәлімдеді.

Сот үкімімен Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2191938-saltanat-qana-emes-almatyda-turmystyq-zorlyq-zombylyq-qurbandaryn-eske-alu-agashy-qoiylady/