"30 жылға жуық уақыт ішінде күйреуін ғана көріп отырмыз": Смайылов "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қызметін қатаң сынға алды
Жарияланған күні:
Шахтинск қаласында премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның "Қазақстан" шахтасындағы жағдай бойынша кеңес өтті. Бұл туралы үкімет басшысының ресми сайты хабарлады.
Премьер-министрдің айтуынша, болған қайғылы оқиға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заң бұзушылықтармен тікелей байланысты.
"Бұл – ең алдымен, кәсіпорын иесінің кінәсі. Олардың өздерін компанияның тыныс-тіршілігінен толықтай шеттетуі бірнеше жыл бойы қайғылы салдарға әкеп соғуда. Көріп отырғанымыздай, жұмысшылар үшін тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмай, кәсіпорын жұмысының барлық кезеңінде басты назар тек пайда табуға аударылған. Сондықтан да апаттар жиі қайталануда. Ең қайғылысы, адамдардың өліміне алып келуде", - дейді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы атап өткендей, "АрселорМиттал Теміртау" басшылығы қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бойынша қабылданып жатқан шаралар және елеулі инвестициялардың бағытталатыны жөнінде әрдайым мәлімдеп келеді. Алайда болып жатқан апаттар мен қайғылы оқиғалар керісінше жағдайды көрсетіп отыр.
"АрселорМиттал Теміртау" нысандарында соңғы 15 жылда 100-ден астам адам қаза тапты. Бұл сан жыл сайын өсіп келеді. "АрселорМиттал" халықаралық компаниялар тобындағы әрбір екінші қаза қазақстандық дивизионға тиесілі болып отыр", - дейді Әлихан Смайылов.
Оның сөзінше, аймақтағы экологиялық жағдай да ерекше назар аударуды қажет етеді. Теміртаудағы барлық зиянды шығарындының 88 пайызы осы кәсіпорынға тиесілі. Нәтижесінде қала тұрғындарында онкологиялық аурулардың, тыныс алу жолдары ауруларының және басқа да сырқаттардың өсуі байқалады.
"Атап өткеніміздей, кәсіпорын өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша шаралар қабылдамайды. 30 жылға жуық уақыт ішінде біз комбинаттың күйреуін ғана көріп отырмыз. Жекешелендіру кезінен бері оның өндірістік көрсеткіштері жартысына дейін төмендеді. Болат шығару көлемі өткен жылы 6 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін – екі есеге қысқарды. Көмір өндіру төрттен бір бөлікке азайды", - дейді премьер-министр.
Сондай-ақ үкімет басшысы компания лонжеронды және электротехникалық болатты, басқа да жоғары маржиналды номенклатураларды шығару бойынша құзыреттерінен айырылғанын айтты. Салдарынан жұмыспен қамтылғандар саны 72 мыңнан қазіргі 30 мың адамға дейін қысқарған.
Әлихан Смайылов инвестициялар бойынша міндеттемелер де мәз емес екенін атап өтті – олар декларацияланып, бірақ орындалмай келеді. 2018 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қарағанды облысының әкімдігі және "АрселорМиттал Теміртау" арасында Кәсіпорынды дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасына қол қойылған.
"Инвестициялар 305 млрд теңге көлемінде мәлімделген еді. Алайда бұл міндеттемелер орындалмады", - дейді үкімет басшысы.
2021 жылы $3 млрд-тан астам сомаға Жаңғыртуға инвестициялар құю туралы келісімге қол қою жоспарланған. Алайда компания тек $1 млрд-тық жоба ұсынған.
"Іс жүзінде бұл қаражат ағымдағы жөндеуге бағытталып, жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді инвестиция емес еді", - дейді Әлихан Смайылов.
Кеңес соңында премьер-министр апатты тез арада жою жөнінде жедел шаралар қабылдау, оның себептерін жан-жақты зерттеу және осы қайғылы оқиғаға кінәлілерді анықтау қажеттігін атап өтті.
"Қарағанды облысының әкімдігі “АрселорМиттал Теміртаумен” бірлесіп, қаза тапқандар мен зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіп, оның ішінде асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тағайындап, жерлеу шараларына қаражат беру, жұмыс беруші есебінен қаза тапқандардың отбасына үй алып беру және моральдық зиянды өтеуді қамтамасыз етуі керек", - деп түйіндеді үкімет басшысы.
"Қазақстан" шахтасындағы апат
Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді.
Өрт кезде жер астында 227 адам болғаны, олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, бесеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды.
Кейін іздестіріліп жатқан бес жұмысшының бірінің денесі табылғаны хабарланды.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының мәліметінше, ол 57 жастағы электрик Виталий Владимирович Слюнков. Марқұмның еңбек өтілі – 39 жыл.
18 тамызда АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай "Қазақстан" шахтасында төтенше жағдай кезінде қаза тапқан тағы бір жұмысшының денесі табылғанын хабарлады. Сол күні үшінші жұмысшының денесі табылды.
Сондай-ақ өрттен зардап шеккен 13 адамның жағдайы белгілі болды.
Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.
Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.
Бүгін үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағанды облысына барып, апат салдарынан қаза тапқан шахтерлардың жақындарымен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілердің халін сұрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033145-30-zylga-zuyq-uaqyt-isinde-kuireuin-gana-korip-otyrmyz-alixan-smaiylov-arselormittal-temirtau-aq-nyn-qyzmetin-qatan-synga-aldy/