Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Пикник" тобы директорының көмекшісі "Крокус Сити Холл" концерттік залында болған теракт кезінде қаза тапты

Опубликовано:

Екатерина Кушнер
Екатерина Кушнер. Фото: instagram.com/piknik.info

"Пикник" тобы директорының көмекшісі Екатерина Кушнер "Крокус Сити Холл" концерттік залында болған теракт кезінде көз жұмды, деп хабарлады РИА Новости.

Агенттік "Пикник" тобының директоры Юрий Чернышевскийдің сөзіне сүйеніп жазуынша, директордың көмекшісі Екатерина Кушнер Мәскеу маңында орналасқан "Крокус Сити Холл" концерттік залда болған теракт кезінде дүниеден озғаны анықталды.

"Ол табылды, бірақ өкінішке қарай көз жұмды", – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін "Крокус Сити Холл" концерттік залында болған терактіден кейін "Пикник" тобының мүшелері директордың көмекшісі Екатерина Кушнермен байланысқа шыға алмай жатқаны хабарланған болатын. РИА Новости ақпараты бойынша, Чернышевский бұл туралы "Пикник" тобының ВКонтакте желісіндегі ресми парақшасында жариялаған.

"Концерттеріміз кезінде көбіне мерч сатылатын жерден көрінетін тамаша досымыз әрі директордың көмекшісі Екатерина Геннадьевна Кушнер әлі байланысқа шыққан жоқ. Бізде Катя туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ. Бірақ үмітіміз бар", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар бұған дейін ресейлік "Пикник" рок тобының ұжымы концерт алдында "Крокус Сити Холлда" болған терактіден қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтқанын хабарлаған едік.

Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холлда" болған теракт

22 наурызда Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" концерт залында белгісіз біреулер атыс шығарғаны туралы ақпарат тарады. Концерт залының ғимаратында "Пикник" тобының концерті өтуі керек болған. Алайда ғимаратқа белгісіз біреулер кіріп келіп, атыс шығарған. Артынша ғимаратта өрт шығып, куәгерлер оқиғаның видеосын жариялаған. Оқиға орнында жарылыс болғаны да хабарланды.

Ресейдің Тергеу комитеті атыстан 115 адам қаза тапқанын, құрбандар саны артуы мүмкін екенін мәлім етті.

Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметі басшысы Александр Бортников Владимир Путинге ғимаратына террорлық шабуыл жасаған 11 адамның, оның ішінде Крокус-Сити Холлдағы терактіге тікелей қатысы бар төрт террористің де ұсталғаны туралы баяндады.

Қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтып, терактіні мүлдем ақтауға болмайтынын мәлімдеді.

23 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі лаңкестік оқиғаға байланысты қабылданатын шаралар туралы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізді.

Кейін Владимир Путин қайғылы оқиғадан кейін ресейліктерге видеоүндеу жасады. Ресейде 24 наурыз ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашылған.

Бұдан бөлек бүгін сұлулық байқауының жеңімпазы "Крокус Сити Холл" концерт залына жасалған теракт кезінде қаза тапқаны хабарланған болатын.

Оған қоса 24 наурызда Ресей тергеу комитетінің төрағасы "Крокус Сити Холл" концерт залында лаңкестердің бірін жанкештікпен көзін жойған адамды ведомстволық наградаға ұсыну туралы тапсырма бергенін жазған едік.

Сондай-ақ бүгін "Крокус Сити Холл" қожайыны терактіге қатысты алғаш рет пікір білдірді. Ал Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов Астанадағы Ресей Федерациясының елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2072775-piknik-toby-direktorynyn-komeksisi-krokus-siti-xoll-gimaratynda-bolgan-terakt-kezinde-qaza-tapty/

pixel