Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мен оған сенетінмін": Бишімбаев көріпкелге не үшін жүгінгенін айтты

Жарияланған күні:

Қуандық Бишімбаев
Қуандық Бишімбаев. Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Бүгін бұрынғы ұлттық экономика министрінен жауап алу жалғасуда, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Берген жауаптарыңызға сүйенсек, сіз 9 қарашада көріпкелге хабарласқансыз. Оның кім екенін, сізге кім болып келетінін, оны қай уақыттан бері білетініңізді, қай жерде тұратынын толығырақ айтып берсеңіз", - деген сұрақ қойды жәбірленуші тараптың адвокаты.

Бишімбаевтың сөзінше, көріпкел Шымкент қаласында тұрады. Сотталушы оған 1,5-2 жыл бойы бизнес мәселелері бойынша жүгінгенін айтты. Содан кейін жәбірленуші тараптың қорғаушысы экс-министрден "көріпкелдің медициналық білімі бар ма" деп сұрады.

"Ол жағы маған белгісіз, бірақ мен оған үнемі сенетінмін", - деді Бишімбаев.

"Басқа қалада тұратын адамға қандай себеппен хабарласасыз? Оның медициналық білімі бар не жоғын нақты білмейсіз. Ол сіздің қасыңыздағы медициналық көмеккке зәру келіншегіңізге қашықтан қалай көмектеседі", - деп сұрады адвокат.

"Сіз ол медициналық көмекке зәру болды деп ағаттық жасап отырсыз. Ол ұйықтап жатты, менің түсінігімде де ол ұйқыда болды. Мен (ред. көріпкелге) сендім. Бұған дейін бизнес мәселесі бойынша хабарласқанымда маған дұрыс жауаптар берген болатын. Өз пайымым бойынша..

Мен Салтанат ұйықтап жатыр деп ойладым, өлім аузында жатқандай белгілері болған жоқ. Бетіндегі көгерген жері үлкейе бастады. Мен сол жақтағы көгерген жері қайдан пайда болғанын түсінбедім. Бұл жайт мені алаңдатты. Себебі Салтанаттың мұрны да үлкейе бастады", - деді Бишімбаев.

Адвокат көгерген жерін көрген кезде экс-министр не себепті жедел жәрдемге емес, көріпкелге хабарласқанын сұрады.

"Мен оның қайдан пайда болғанын біліп, оның неге әкелуі мүмкін екенін білмек болдым", - деп түсіндірді сотталушы.

Еске салсақ, Астанада әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Бишімбаевтың соты жалғасуда.

Өткен аптада сотта Салтанат Нүкенованың телефоны тексерілген болатын. Мемлекеттік айыптаушы марқұмның телефонындағы жазбаларды оқып берді. Солардың бірінде Нүкенова Бишімбаевтың опасыздығы үшін кешірім де сұрамағанын жазған.

Бұған қоса айыпталушы Бишімбаев сотта жауап беруін жалғастырды. Ол Салтанат қайтыс болған күні не жағдай болғанын айтып берді. Сондай-ақ ол сотта Нүкенованы қайтыс болған күні қалай ұрғанын айтты.

Сондай-ақ сотта Бишімбаев Нүкенованы ұрып-соққаны түсірілген кадрлар көрсетілді.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.

Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2080784-men-ogan-senetinmin-bisimbaev-koripkelge-ne-usin-zugingenin-aitty/