Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зеленский кеңсесі Ресей келіссөздерден бас тартқанын хабарлады

Опубликовано:

Украина астанасы
Фото: pixabay.com

Украина президентінің кеңсесі Ресей тарапының келіссөздерден бас тартқанын хабарлады, деп жазады УНИАН агенттігі.

Украина кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Ресейдің "келіссөздер жасамайтынын және жасағысы да келмейтінін" мәлімдеді.

"Олар өздері үшін қауіпті шешім қабылдады және қандай да бір жауапкершілікті сезініп, келіссөздерге келгенше, бұл шешімді шұғыл орындауға тырысады", - деген Подоляктің сөздерін шетел басылымы келтірді.

Сонымен қатар, дереккөзде Ресей осы уақыт ішінде "барынша зиян келтіріп, өз мақсатына жетуге тырысады" делінген.

Еске салсақ, 22 ақпанда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Донецк халық республикасы мен Луганск халық республикасының тәуелсіздігін мойындау туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Ресейдің бұл шешімі әлем елдерінің наразылығын тудырып, бірқатар мемлекеттер бұл жайтқа ашық түрде қарсы шықты. Бұл әрекетті Украина президенті Владимир Зеленский "Украинаның аумақтық тұтастығын бұзу" деп атады.

23 ақпанда Еуроодақ Донецк және Луганск халық республикаларын мойындаған Ресейге қарсы санкциялар жариялады.Араға екі күн салып, 24 ақпанда Владимир Путин ресейліктерге үндеу жасап, Донбасста арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Путин өз сөзінде Украинаны оккупациялау Ресейдің жоспарында жоқ екенін, тек оны қарусыздандыруды көздейтінін атап өткен. Бұл ретте, түрлі БАҚ өкілдері, оның ішінде жергілікті және батыстың тілшілері Украинаның Киев, Краматорск, Одесса, Харьков пен Бердянск секілді қалаларынан жарылыс дауысын естігенін хабарлады.

Бұл жарылыстардың видеолары әлеуметтік желілерде де кеңінен таралып кетті.Ресей президентінің мәлімдемесі әлем елдерін бей-жай қалдырмады. Донбасстағы арнайы әскери операция туралы ақпараттан кейін АҚШ президенті Джо Байден мәлімдеме жасап, бұл әрекетті "ақтауға келмейтінін" жеткізді.

"Бүкіл әлем бүгін түнде Ресей қарулы күштерінің себепсіз және ақтауға келмейтін шабуылына ұшыраған Украина халқымен бірге. Президент Путин адамдар жапа шегіп, қайғы-қасірет әкелетін алдын ала ойластырылған соғысты таңдады", - деді АҚШ президенті.

Осыдан кейін Украина президенті шұғыл брифингте Украина Ресеймен барлық байланысты үзгенін мәлімдеп, президент Кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк "Еуропада толыққанды ауқымды соғыс" басталғанын ашық айтқан.

Ал Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Алексей Арестович 24 ақпандағы брифингте Ресей әскерлері Қырым мойнағынан өткенін, Харьков маңында шайқастар жүріп жатқанын және Украинаның 40-тан астам сарбазы қайтыс болғанын айтты.

Одан бөлек, ол ресейлік тараптың 4 танкісі тоқтатылып, 6 ұшағы атылғанын хабарлады. "Киев берік қорғалған, оларды қатты шайқастар күтіп тұр", - деді ол.

Сонымен бірге, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей Украинаны басып алу туралы мақсат қоймағанын айтты. Тағы бір айта кетерлік жайт, СІМ өкілдері берген ақпаратқа сай, бүгінде Украинада 517 қазақстандық уақытша консулдық тіркеуде тұр.

Олардың қатарында елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері, сонымен бірге студенттер мен бизнес өкілдері бар. Тұрақты консулдық тіркеуінде тағы 1113 адам қазақстандық тұрғаны хабарланды.

Сондай-ақ, СІМ Қазақстан елшілігі Украинадағы азаматтарды эвакуациялауды қамтамасыз етіп жатқанын мәлім етті. Ал еліміздің Азаматтық авиация комитеті Telegram каналында Украинаға әуе рейстерінің тоқтатылуына байланысты жедел желі қызметі іске қосылғанын жеткізді.

Оған қоса, бүгін Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин Нұр-Сұлтанға ұшып келді. Ол 24-25 ақпанда Нұр-Сұлтанда өтетін ЕЭО үкіметаралық кеңесінің отырысына қатыспақ. Онда Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан үкіметтерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграцияны тереңдету мәселесін талқылайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1957788-zelenskii-kensesi-resei-kelissozderden-bas-tartqanyn-xabarlady/

pixel